Қызылқоға аудандық прокуратурасы аудан көлеміндегі шаруа қожалықтары мен фермерлерге берілген жер телімдерін беру мен пайдалану заңдылықтарын анықтау мақсатында аудандық жер қатынастары бөліміне тексеру жүргізді.
Тексеру кезінде анықталғандай, аудан бойынша бүгінгі күнге дейін 167 шаруа қожалығына 221 713 гектар жер ауыл шаруашылығы мақсатында әртүрлі мерзімге жалға пайдалануға берілген.
Олардың ішінде 13 шаруа қожалығына ауыл шаруашылығын жүргізуге берілген жер телімі екі жылдан астам уақыт мақсатына сай пайдаланылмай отырғанына қарамастан, мемлекетке кері қайтарылмаған. Қызылқоға ауданы прокуроры аға көмекшісінің міндетін атқарушы Асхат МУРЗАГАЛИЕВТЫҢ айтуынша, бұл жерде Жер кодексінің 92-бабының 1-бөлігіндегі талап сақталмай отыр.
- Бұл заң талабы бойынша, егер ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін оның ішінде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер пайдалану құқығында берілген жер учаскесі алғаш рет жер учаскесін мақсаты бойынша пайдаланбау анықталған кезден бастап есептелетін бесжылдық кезеңде жалпы алғанда екі жыл пайдаланылмаса, онда мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады. Ал бұл талапты аудандық жер қатынастары бөлімі орындамаған, -дейді А.Мурзагалиев.
Бұған қатысты Қызылқоға аудандық прокуратурасы Атырау облысы бойынша аумақтық жер инспекциясы басшысына игерілмеген жер телімдерін мемлекетке қайтару шараларын алу жөнінде ұсыныс енгізді.
Айнұр САПАРОВА