Назерке ФАЙЗУЛЛИНА - "Атырау аруы-2013".«Атырау Аруы-2013» жеңімпазы Назерке ФАЙЗУЛЛИНАНЫҢ отбасы өңірлік байқауды ұйымдастырушы «ДиАл» модель агенттігін алаяқтық жасады деп айыптап отыр.
БӘРІ ЖАЗЫЛЫП АЛЫНҒАН
Назеркенің туған әпкесі Альбина ФАЙЗУЛЛИНАНЫҢ «АЖ»-ға айтуынша, өңірлік байқау кезінде бәрі ойдағыдай болған.
- Алайда Алматыға «Қазақстан Аруы» байқауына барғанда, бізге телефон шалып, финалдық жетілікке ену үшін 10 мың доллар, үздік төрттікке кіруге 20 мың доллар төлеуді ұсынды. Бірақ осы ақшаны төлеген қыз «Қазақстан Аруы» тәжін ала ала ма – белгісіз, бәрі қазылар алқасының қолында.
Өз сөзін растау үшін Альбина Файзуллина «Атырау Аруы» байқауының ұйымдастырушысымен телефон арқылы сөйлескен сөздерінің аудио жазбасын редакцияға ұсынды.
- Қоңырау «ДиАл» модель агенттігінің директоры Диана Качиеваның телефонынан шалынған және даусы да соныкы, - дейді Альбина.
Енді ол бұл жазбаның шынайылығын құқық қорғау органдарында дәлелдегісі келеді.
Назеркенің әкесі Арман ФАЙЗУЛЛИН былай дейді:
- Осы қоңырау шалынғаннан кейін біз республикалық байқаудың ұйымдастырушысына, нақтылап айтқанда, қазылар алқасының төрағасы, «Қазақстан Аруы» ұлттық байқауының режиссері Наталья РИВЛИНАҒА телефон соғып, бізден ақша бопсалап жатқанын айттық. Ол түсініксіз бірдеңе айтты да, телефонды лақтырып тастады. Бірнеше минуттан кейін Диана телефон соғып, сендер бәрін бүлдірдіңдер, енді Назерке финалдық жетілікке іліне алмайды деп сыбырлап айтты. Айтқандай болды. Біз мұны Назеркеге байқау соңына дейін айтқан жоқпыз, оның ынтасын жойғымыз келмеді.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ «Атырау аруы» жобасы 2003 жылы басталды: Татьяна Калягинаның «Грейхауз» сән театры алматылық танымал «Sun bell» сән агенттігімен келісімшартқа отырып, лицензия бойынша өңірлік сұлулық байқауын өткізу құқығына ие болды. 2009 жылы жергілікті байқауды басқару билігі «ДиАл» сән агенттігіне көшті.
ӨКПЕЛЕГЕНДЕР КӨП, МЕН ЖАЛҒЫЗБЫН
Модель агенттігінің директоры Диана КАЧИЕВА мұндай айыптауларды жоққа шығарып, ақша туралы әңгіме болмағанын, болуы да мүмкін еместігін айтты. Ол, сондай-ақ, модель бизнесінде жұмыс жасаған 10 жылда өкпелеген аруларды талай көргенін, алайда мұндай айыптаулармен бірінші рет жолығып отырғанын атап өтті.
- Олар алғашында менен Назеркені «Қазақстан Аруы» етуімді талап етті. Қазір олар маған өкпелі, сондықтан да жала жабуда. Аяғым ауыр болғандықтан, бұған көңіл бөлмейін деп шештім, дәрігерлер мазасызданбауымды талап еткен. Иә, Назерке байқауда топ басында келе жатқан, алайда ол тек 15 финалистің қатарына ғана қосылды. Мен тек өңірлік директормын және «Қазақстан Аруы» республикалық байқауының қазылар алқасына ықпал ете алмаймын деп түсіндіргім келді.
ӨТКЕНГЕ ОРАЛУ
Төрт жыл бұрын «Атырау Аруы-2009» байқауы финалының қарсаңында «АЖ»-ға бірнеше қыздың ренішті ата-аналары хабарласып, олардың ұялы телефондарына жасырын номермен белгісіз адамдар жүлделі орынды сатып алу туралы ұсыныс беріп, күн-түн демей қоңырау шалатындары туралы шағымданған болатын. Олар бірінші орын үшін 5 мың доллар, «вице-мисс» атағына 1,5 мыңнан 3 мың долларға дейін сұраған. Финалға жақын бұл сомалар төмендей берген – бас ару атағын алу 3 мың долларға дейін құлдыраған. Сол кезде Д. Качиева жағдайға былай түсінік берген:
- Ата-аналар тарапынан ұйымдастырушыларға қойылатын айыптау талаптары әр байқау өткен сайын қойылады, мұндай жағдай балалар байқауы кезінде де болады – ұтылған тарап жеңгендерін орынды сатып алды деп айыптайды. Байқау әкімшісі, шынында да, байқауға қатысушыларға түн ортасында да қоңырау шалуы мүмкін, алайда олар тек әзірліктер мен сән салондарынан кешікпеу мәселері бойынша ғана болады...
«Қазақстан аруы» байқауын ұйымдастырушылар байқау төңірегіндегі жанжалға комментарий берді. «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының дирекциясы атыраулық қатысушы – 16 жастағы Назерке Файзуллинаға қатысты орын алған оқиғаның мән-жайын анықтамақ. «Біз ішкі тергеу жұмыстарын жүргіземіз, Атыраудағы бұл агенттікпен енді жұмыс жасамайтын шығармыз», - дейді Алена Ривлина. «Биылғы жылы байқауға 17 жыл толды, осы жылдар ішінде ол шынымен де көрнекі және танымал оқиғаға айналды. Өкінішке орай, жыл сайын жобаның танымалдылығы біздің байқауымызға адамдардың сезімдерімен ойнап, күмәнді даңқ пен табыс тапқысы келетін алаяқтар мен алақол жандарды көптеп қызықтыруда», - деп мәлімдеді Ривлина. «Қазақстан аруы» байқауын ұйымдастырушылар байқаудың лицензиясын, титулын немесе тәжін сату туралы ұсыныстар түскен жағдайда бұл туралы бірден ұлттық дирекцияға +7 (727) 291-33-16, +7 (727) 291-82-10 телефондары бойынша хабарлауды өтініп сұрайды. Tengrinews.kz
СЫЙАҚЫ ҚАЙДА?
Кейін анықталғандай, бұл Назерке Файзуллинаның «ДиАЛ» агенттігімен алғашқы жанжалы емес екен. 2009 жылы балғын Назерке «Кішкентай Атырау аруы» байқауына қатысыпты. Сол кезде құрметті тәжді басына киген ол жеңімпаз дипломын да алған. Қалай болғаны белгісіз, алайда дипломда Ақтөбеден қатысқан қыздың есімі жазылған екен. Файзуллиндердің өздері, шамасы, ақтөбелік қыз жеңуі тиіс болған шығар, бірақ қазылар алқасы байқауды ұйымдастырушылардың жоспарларын күл-талқан етіп, бірауыздан Назеркеге өз дауыстарын берген болар деп пайымдайды. Әкесі әлі күнге дейін «Атырау аруы - 2013» титулының иегері ретінде қызының әлі күнге дейін 100 мың теңге сыйақыны алмағанына ренішін білдірді. Көтеріңкі дауыспен бірнеше рет әңгіме қозғалғаннан кейін Качиева оның қоңырауына жауап бермейтін болған.
Анастасия ПАСТУХОВА