18 желтоқсанда Қазақстанның спорттық сайттары облыстық «Бейбарыс» хоккей клубының бұрынғы шабуылшысы Майк ДЭНТОННЫҢ Твиттерде «Қазақстанда ойыншыларға малша қарайды» деп жазған жазбасын жариялады.
«Қазақстаннан тағы бірнеше легионер кетейін деп отыр. Жаппай жемқор болу, өз ойыншыларына малша қарау осыған әкеп соқтырады. Хоккей командасының президентіне ойыншылардың айлық жалақысының 30 пайызын алуға кім құқық берді? Шарттың аты шарт, бірақ тек Қазақстанда емес», - деп жазады хоккейші өз парақшасында. Алайда автордың өмірбаянына қарап отырып, сөзіне сене берудің қажеті жоқ екенін байқауға болады.
Канадалық Майк Дэнтон «Бейбарыста» осы маусымның басынан бастап ойнайды. Қазақстан чемпионатында 33 жасар шабуылшы 25 матч өткізіп, «гол+пас» жүйесі бойынша 15 (4+11) ұпай жинаған. 2000 жылдан 2004 жылға дейін ұлттық хоккей лигасында өнер көрсетіп, 92 ойын өткізген. Қазір румындық Меркуря-Чук қаласының «Чиксереда» клубында ойнайды.
2004 жылы Майк Дэнтон өз агенті Дэвид Фросты өлтіруге әрекет еткені үшін жеті жыл жарымға сотталған болатын. Агент хоккейшінің қатты әсер ететін дәрілер мен алкогольді жиі қабылдайтынын «Сент-Луис» клубының басшылығына айтамын деп талай рет қорқытқан екен. Бопсалауға шыдай алмаған спортшы өз агентін өлтіруді шешіп, 10 мың долларға киллер жалдап, кісі өлтіру үй тонау барысында болғанын көрсететін сценарий ойлап табады. Алайда жалдаған кісі өлтірушісі полицияға өзі хабар береді. 2009 жылдың қыркүйек айында Дентон мерзімінен бұрын шартты түрде қамаудан босатылады. 2010 жылы ол St. Mary's University командасының құрамында мұз айдынына оралады.
«Бейбарыс» хоккей клубы Дэнтонның мәлімдемесі бойынша мынаны хабарлады: «Майк Дэнтон өзімен жасалған шартты мерзімінен бұрын бұзуын баласының Қазақстан жеріне бейімделе алмауымен түсіндірген. Қоштасарда ол клубқа рахметін айтты. Ол барлық жалақысын түгел алып кетті және қаржылық талаптарым жоқ деп қолхат қалдырды. Хоккейшіден расында да лайықсыз әрекеттері үшін 11 мың теңге өтемақы ұсталды, алайда клуб бұл туралы түсінік беруден бас тартады».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ