Қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВПЕН өткізілген брифингтен («Атырау 2013 және 2014 жылдарда») көп уақыт бұрын біз баспасөз қызметінің өтініші бойынша оған сұрақтар жолдаған едік. 11 желтоқсанда әкіммен болған кездесу кезінде сол сұрақтардың барлығын қою мүмкіндігі болмағандықтан, біз жазбаша жауап қайтаруды өтіндік. Солардың кейбірін жариялап отырмыз.
ТАҒЫ 18 БАҒДАРШАМ БОЛАДЫ
–Теміржол өткелінің астына толыққанды жол қашан салынады?
– «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 ж. 16 шілдедегі № 242 ҚР Заңының 60-бабының 1-тармағына сәйкес, 2014 жылы әскери бөлімше маңындағы теміржол өткелінің астындағы жолды кеңейту жұмыстары үшін жобалау-сметалық құжаттаманы жасау жоспарланғанын хабарлаймыз.
– Новостройка маңы қиылысындағы бағдаршам неліктен жасамайды? Биыл уәде етілген 18 бағдаршамды орнатуға қаржылар бөлінді ме?
– Атырау-Доссор тас жолындағы Бірлік поселкесінің қиылысындағы бағдаршам нысаны қаланың коммуналдық меншігіне берілген жоқ. Бұл жұмыстарға Көлік және коммуникациялар министрлігінің Көлік жолдары департаменті тапсырыс берген болатын. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, осы бағдаршам нысанына қызмет көрсету мүмкін болмай отыр, соның салдарынан оның жиі өшіп қалатынын хабарлаймыз.
18бағдаршам нысандарын орнатуға келер болсақ, бүгінгі күні оның жобалау-сметалық құжаттамасын жасау аяқталуда. Осыдан кейін орнату мерзімдері туралы мәселе қарастырылатын болады.
– Сәтпаев бойына жаңа жолжиектерді төсеу жұмыстары қаншалықты маңызды болып отыр? Жұмыстардың жалпы құны қандай? Бұзылып алынған бұрынғы жолжиектер мен кеспе тастарды қайда жібереді?
– Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бойынша Сәтпаев даңғылын (орталық көпірден бастап Құрманғазы көшесіндегі жол өткеліне дейін) орташа жөндеудің жалпы сметалық құны 740 млн теңге (бұл сома жергілікті бюджеттен бөлінген) құрайды, соның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстары 715 млн теңгеден сәл астам. Ағымдағы жылы 740 млн теңгенің 126 млн теңгесі игерілді. Қалған соманы игеру жұмыстары 2014 жылы жалғасын табады.
ҚР ПР 18.22.1-04 «Автомобиль жолдарын және жол құрылыстарын пайдалану кезіндегі жұмыстарды жіктеу жөніндегі нұсқаулықтың» техникалық тапсырмалары мен талаптарына сәйкес, жобада көшелерді жөндеу жұмыстарының келесі түрлері қарастырылып, шешілді: жол жамылғыларының бүкіл алаңын терең қопсыту, тегістеуші қабатты және ұсақ түйірлі асфальт-бетоннан жаңа қабат төсеу – қолданыстағы нормативтік құжаттар талабына сәйкес, жол төсемінің шөгіп қалған жерлерін жою, жаяу жүргіншілер жолдарын жөндеу (қажеттілігіне қарай); шектесіп жатқан жерлердің, құламалардың, автобус аялдамаларының және көлік тоқтайтын жерлердің жол төсемдерін жөндеу; люктерді көлік жолының жобалау белгісіне дейін көтеру; жол белгілемелерін салу. Бұзылып алынған жолжиектер мен кеспе тастар «Арнаулы автобаза» КМК аумағына апарылады.
– Қала ішіндегі жолдардың ойылып қалған жерлеріне жөндеу жүргізіле ма?
– Ағымдағы жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 50 млн теңге сомасындағы қаржыға Атырау қаласы мен қала маңына жалпы алаңы 5 мың шаршы метр болатын жолдардың ойылған жерлеріне жөндеу жасалды. Атап айтқанда: Привокзальный, 3, 3 А, 5, СМП-136, СМП-163, Сарыарқа, Тұлпар көшелері, Құлманов, Канцев, Тайманов, Абай, Махамбет, Бақтыгереев, Берғалиев, Құрманғазы, Бигелдинов, Амандосов, Молдағалиев, Сәтпаев, Баймұханов, Студенческий, Құнанбаев, Әбілқайыр хан көшелері, Жұмыскер және Талғайраң поселкелері.
2014 жылға қала аумағы мен қала маңындағы елді мекендердің жолдарындағы ойылған жерлерге жөндеу жүргізу жоспарланды. Бүгінгі күні жолдарды тексеру жұмыстары жүргізілуде.
НҰРСАЯҒА АРНАЛҒАН АВТОБУСТАР
– Неліктен Нұрсая ықшамауданына үлкен автобустар шығармайды? Ол жерге мектеп салынғандықтан, бұл қажет болып отыр.
– «Айс Транс Холдинг» ЖШС жолаушыларға, соның ішінде оқушыларға қалыпты және тұрақты қызмет көрсету үшін қалалық №4 маршрутқа жаңа Dongfeng Ch маркалы сыйымды автобустардың 15 бірлігіне тапсырыс берді. Олардың ұзындығы 7,2 м құрайды. Бұл автобустар зауыттан әкелінгеннен кейін шығарылатын болады.
– Ерік Мостовойдың жайы не болмақ және оны пайдалану үшін жыл сайын қанша қаржы жұмсалады? Осы көктемге суға батқан сорғы стансасы не болды? Каналға жақын орналасқан үйлердің тұрғындары оның қараусыз қалғанына және жағымсыз иіс шығатынына шағымданады.
– Ағымдағы жылы Мостовой каналын ұстау үшін 10 млн теңге бөлінді. Бүгінгі күні осы қаржыға «Арнаулы автобаза» КМК каналдан қоқыстарды тазарту мен шығару, сорғыларды, трансформаторлық қосалқы стансаларды тексеру және т.б. жұмыстарды орындап отыр.
– Нұрсая ықшамауданындағы үйлердің цокольді қабаттарында бомждар түнейді, балалар ойнайды, әлсін-әлі жылу стояктарының шүмектерін бұрап жауып тастайды. Бұлай жалғаса берсе жақсы болмайды. Осы орынжайлар неліктен спорт клубтарына немесе ниет білдірген кәсіпкерлерге берілмейді?
– «Қалалық құрылыс бөлімі» ММ мен мердігерлер (құрылыс салушылар) арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, цокольді орынжайлар құрылыс компанияларының есебінен салынады және олардың меншігіне өтеді, ал кейіннен олар нарықтық бағасы бойынша өткізеді. Ағымдағы жылы құрылыс компанияларының бірі Нұрсая ықшамауданындағы көппәтерлі 8 үйдің бүкіл цокольді қабаттарын коммуналдық меншікке берді. Қазіргі кезде жергілікті атқару органы оларды әділет органдарына тіркеуде. Кейіннен олар жалгерлікке немесе сенімді басқаруға берілетін болады.
– Өткен жаздағыдай масалардың шабуылын болдырмас үшін келесі жылы олармен күрес шаралары жоспарланды ма?
– 2014 жылы Атырау қаласының аумағы мен қала маңындағы жерлердің кәріздік-тазарту құрылғыларына, булану алаңдарына, қаланың ашық көшелеріне, бақтар мен алаңдардағы жасыл желектерге дәрілер себу шараларын жүргізу жоспарланды. Барлық санитарлық нормалар мен ережелерге сай келетін (адам денсаулығына қауіпсіз) препараттар қолданылатын болады. Сондай-ақ, масаларды құрту мақсатында тұрғын үйлердің жетөлелерін құрғату жоспарланды.
Дайындаған Сәуле ТАСБОЛАТОВА