Облыстың футбол ардагерлеріне сыйлықтар тарту етті.«Атырау» футбол клубында өткен маусымда көзге түскен футбол орталығының (ФО) шәкірттерін марапаттады.
Клуб басшылығы ең алдымен Роман Ли, Қанат Галямов, Мұрат Қалдымұратов, Нәбижан Қуанышев, Мұрат Мұңбаев және «Атыраудың» қосалқы командасының аға бапкері Тимур Үкібаев сияқты облыстың футбол ардагерлеріне сыйлықтар тарту етті.
Облыстық филармония сахнасына ФО-ның осы жылғы түлектері – 1995 ж.т. футболшылар мен олардың жаттықтырушылары Александр Лобашев және Асқар Биғалиев шықты. 2013 жылғы ел чемпионатында олар 5-орын алды. Команда құрамында Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы сапында өнер көрсететін Алексей Маров пен Алтынбек Сапаров бар. Шабуылшы Бахтияр Ғабдоллин 11 гол соғып, біріншіліктегі сұрмергендер сайысында 2-орын алды. Тимур Сүндетов, Айдос Батанов, Азамат Жомартовтар да сыйлықтарға ие болды.
ФО-ның 1996 ж.т. ойыншылар командасы Қазақстан чемпионатында 6-орынға ие болды. Балаларды Наурызғали Сариев пен Василий Лобашов әзірлейді. Командада Дмитрий Панков, Мейіржан Ақатан, Сержан Қабақов, Мұратбек Билекендер жақсы ойынымен көзге түсті.
Талғат Қажығалиевпен Қуаныш Қабдолов жетекшілік ететін 1997 ж. т. ойыншылар командасы 5-орын алды. Руслан Мүфтолла, Әлихан Отаралы, Байбек Түсіпов, Жарас Меллятовтарға арнайы сыйлықтар берілді. Командада U-17 Қазақстан құрамасының мүшесі Валерий Андреев өнер көрсетеді, ол биыл «Атырау» ФК-мен алғашқы келісімшартына қол қойды.
1998 ж.т. ойыншылар командасы, өкінішке орай, ел біріншілігінде өте сәтсіз өнер көрсетті. Алайда олар ойындарда жан аяп қалған жоқ, жеңісті күндер әлі алдарында. Наурызбек Жагоров, Наурызбек Қалыбаев, Салахитдин Нұрғожиев арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Ал 1999 ж.т. ойыншылар командасы 2013 жылғы Қазақстан чемпионы атанды. Жаттықтырушылары Қуаныш Қабдолов пен Талғат Қажығалиевқа сыйлықтар берілді. Көрермендерге команданың үздік ойындарынан бейнесюжет көрсетілді. Жеңімпаздарға сыйлықтарды Атырау облысы әкімінің орынбасары, «Атырау» ФК-ның президенті Шыңғыс Мұқан табыс етті.
«Атырау-99» командасының ойыншысы Алексей Блинов Қазақстанның үздік шабуылшысы атанса, Ерасыл Аманжол үздік ойыншы атағына ие болды. «Атырау» ФК Батырхан Орынбасаров, Ерхан Таласбаев, Дастан Хайреденов, Александр Волкогонов сияқты жеңімпаз команданың басқа да мүшелерін марапаттады. Қуаныш Қабдоловқа ФО-ның үздік жаттықтырушысы дипломы берілді. Сондай-ақ, қақпашылардың бапкері Ханкерей Мұхамбетов те сыйлықтарға ие болды. ФО-ның 2000, 2001, 2002, 2003 және 2004 ж.т. шәкіртері ішінен жақсы көзге түскен Андрей Гусев, Максим Лобашов, Қуандық Жақиялиев, Ернар Фазылов және Оралбек Биғалиевтар да аталып өтті
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ