Атырау, 26 қараша 14:41
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Полицейлер проблемасы

1 823 просмотра

Қызылқоға аудандық мәслихаты сессиясының кезекті отырысы жергілікті полицейлердің проблемаларына арналды.

Проблемалары сол баяғы бір жыр: ғимараттың ескілігі, жағдайдың жасалмауы.

Аудандық ішкі істер бөлімінің екі қабатты ғимараты 50-ші жылдары салынған. Есік-терезелері қирауға жақын, қатты желге қарсы тұра алмайды. Әлбетте, мұндай жағдайда қылмыспен күресу қиын. Одан қалды, ІІБ ғимаратының өзі қазір-ақ қылмыс орны болып шыға келеді, себебі мұнда өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау қанша қаласаң да, мүмкін емес. Нысанда бейнебақылау камерасы да жоқ.

Автокөлік тұрағы мен атыс қаруларымен жаттығатын орынның қабырғалары құлап, жарамсыз күйге түскен. Уақытша ұстау изоляторында су құбыры мен кәріз жүйесі тартылмаған.

- Біз уақытша ұстау изоляторын сақтап қалуға көмектесулерін сұрап, аудан әкімшілігіне ресми хат жолдадық. Олар көмек береміз деп отыр, -дейді Қызылқоға аудандық ІІБ басшысының міндетін атқарушы Саламат ҚАЛИЕВ. – Сондай-ақ, нарколог дәрігердің болмауы жағдайымызды қиындатып тұр. Аурухана наркологын уақытында таба алмай қиналып қаламыз, сөйтіп адамдардың алкогольдік ішімдіктен ұрттаған-ұрттамағанын тексеру үшін сабылып жүргеніміз.

Келесі күрделі проблема – мүрдехананың жоқтығы. Аудан орталығында мүрдехана мүлдем болмаған. Мүрделерді сот-медициналық сараптамадан өткізу үшін 300 шақырымдағы Атырау қаласына апаруға тура келеді. Аптап күндері бұл кәдімгідей азапқа айналады. Сол үшін де қайтқан кісілердің туыстары жағалыларды жазғырып жатады.

- Аудандық ІІБ облыстық бюджеттен қаржыландырылады. Сондықтан ғимарат салу ісі облыстан шешілуі тиіс, - дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр ӘЖІҒАЛИЕВ. - Ғимараттың өте ескі және санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келмейтіні тексеріс барысында анықталған. Біз су мен кәріз жүйесін тартуға көмектесеміз деп отырмыз. Бірақ бұл тығырықтан шығар жол емес.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

12 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.