Аяз ата мен қарша қыз Тәжікстанның мемлекеттік телеарналарындағы жаңа жылдық бағдарламаларынан алып тасталды. Бұл туралы Телерадио хабар тарату комитеті басшысының бірінші орынбасары Саидәли Сыддықов мәлім етті.
«Телеарналарда жаңа жылдық бағдарламаларды түсіру жұмыстары басталып кетті. Алайда олардың ішінде шырша, Аяз ата, Қаршақыз және Аққала жоқ. Бұл ертегідегі кейіпкерлер мен мерекелік ерекшеліктердің ешқандай жаман тұстары жоқ, алайда олардың ешбірі де біздің ұлттық салт-дәстүрлерімізге ешқандай қатысы жоқ», - дейді С.Сыддықов.
Оның айтуынша, жаңа жылдық бағдарламаларға қыс, қар, жаңа жылды қарсы алу енгізілген. Ән, би, күй, мерекелік құттықтаулар айтылып, дастарқан жайылады, тек ішімдік, шырша, Аяз ата, Қаршақыз және Аққала болмайды. Телерадиокомитет ешқандай тапсырма бермеген, бұл – телеарна басшыларының өз шешімі көрінеді.
Тәжікстан халқы жаңа жылдық шыршаны мерекеден бірнеше апта бұрын безендіреді, енді бұл дәстүр қайта оралмас сағымға айналды. Тәжік елінде төрт жылдан бері желтоқсанның аяғы таяғанда шыршаны безендірудің және 31 желтоқсанда Жаңа жылды тойлаудың қажеті бар ма деген мәселе талқылана бастайды.
Осыдан үш жыл бұрын Тәжікстанның беделді мұсылман діни қызметкерлері мен Ислам жаңару партиясы христиандардың мерекесін тойлауға қарсы шыққан болатын.
Жаңа жыл Тәжікстанда ресми мереке деп есептеледі. Душанбенің басты алаңында 22 метрлік жаңа жылдық шырша орнатылып, ел президенті Эмомали Рахмон халықты телеарналардан мерекемен құттықтауды дәстүрге айналдырған. Алдағы уақытта мұның бәрі де ескінің сарқыншағына айналып, өздігінен жоғалатын түрі бар.
Дереккөз: Baq.kz