Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында қант диабетіне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Облыстық аурухананың эндокринолог дәрігері Балзия СҮЙНЕШОВАНЫҢ айтуынша, «бұрынғы кездері айына тек 1 адамға диагноз қойылса, қазір біздің ауруханаға келгендердің ең кемінде біреуінде біз күн сайын диабет диагнозын анықтап отырмыз».
Қандағы қант мөлшерін анықтау үшін әр адам елімізде 2011 жылдан бастап скринингтік тексеру бағдарламасына енген қант диабетіне тексерістен өте алады. Бүгінде облысымызда 5 745 адам диабетке шалдықса, оның 2 004-і аудан халқы.
Облыстық балалар ауру-ханасының дәрігері Назгүл ҚОНДЫБАЕВА бұл дерттің жасөспірімдер арасында кең таралып бара жатқанына тоқталды: «Қазір біздің есепте 15 жасқа дейінгі 41 бала тұр. Олардың барлығы да диабеттің инсулинге тәуелді түріне шалдыққандар».
Балалар арасындағы диабеттің көбеюіне семіздік пен дұрыс тамақтанбау себеп болып отыр. Олар көбіне фаст-фуд, гамбургер, газды сусындар мен чипсыды таңдайды. Мұны баспасөз конференциясында келтірілген мысалдар да растап отыр: мәселен, Махамбет ауданында тұратын 12 жастағы жасөспірім 120 кг салмақпен өмір сүріп жатыр екен...
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА