Киевтегі жайдай әлі өршіп тұр. Шерушілер мен полиция арнайы жасағы арасында болған қақтығыстан 10-ға жуық адам зардап шеккен. Демонстранттар әлі де бөгеттерге от қойып жүр. Тәртіп сақшыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құзырлы мекемелер Еуромайданға «Бүркіт» арнайы қызметінің жүздеген жауынгерін қосымша күш ретінде жұмсаған. Қазір олар халыққа тойтарыс беруге күш салуда. Сонымен қатар, Президент әкімшілігінің күзеті де қатаң бақылауға алынған.
Қазір демонстранттар Украинаның Еуропамен интеграциясын жақтаушылар акция жүргізіп жатқан Тәуелсіздік алаңына қарай ығысқан. Бұған дейін билік орындары қаланың орталық бас алаңында шерулетіп жатқандар күшпен таратылмайтынын айтқан. Оппозиция жетекшілерінің бірі Виталий Кличко Тәуелсіздік алаңында тұрғандарды бейбіт шерулерді жалғастыра беруге шақырды.
Бүгін Виктор Янукович Украинаның бұрынғы үш президентімен кездеседі. Экс-басшылар Леонид Кравчук, Леонид Кучма, Виктор Ющенко және қазіргі президент - төртеуі бірігіп, елдегі күрделі жағдайдан шығудың жолын қарастырмақ.
Дереккөз: Baq.kz