20 желтоқсанда Атырау ЖЭО өзінің жарты ғасырлық мерейтойын атап өтпек.
ЖЭО-ның бастапқы қуаттылығы 12-18 мегаватт болды. Қаланың тұрғын үй нысандарына тек осы көлемнің алтыншы бөлігін ғана жіберу жобаланды.
1957 жылы мәскеулік «Теплоэлектропроект» институтында облыс орталығын, Мақат пен Жылыой аудандарын энергиямен қамту туралы жоба жасақталды. 1961 жылы мұнай өңдеу зауыты үшін тазартылған суды жеткізетін химиялық су тазарту қондырғысының бірінші кезегі іске қосылды.
1963 жылдың қарсаңында өнімділігі сағатына 120 тонна бу болатын №1 қазандық агрегаты және қуаттылығы 12 мегаватт болатын №1 стансалық турбоагрегат бойынша құрылыс жұмыстарының көлемдері орындалды.
1963 жылдың аяғына дейін АЖЭО-на қуаттылығын екі еселеуге мүмкіндік берген №2 қазандық агрегаты мен №2 турбоагрегат пайдалануға берілді.
1966-1970 жылдары №3, 4, 5, 6, 7 қазандық агрегаттары және №3, 4, 5 турбоагрегаттар іске қосылды. Нәтижесінде 1970 жылы АЖЭО-ның электр қуаты 134 МВт-ты, ал бу қуаты – сағатына 1 040 тоннаны құрады.
Қазір АЖЭО қуаттылығы 314 мегаватты құрайды. Облыстық электр «моторы» үнемі жаңарып отырады, 2015 жылдың аяғына қарай оның қуаттылығы 499 мегаватты құрауы тиіс.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ