Ресей думасында қып-қызыл төбелес. «Единая Россия» партиясының мүшелері Алексей Журавлев пен Адам Делимханов жаға жыртысып, қырық пышақ болды. Төбелестің қызу қарқын алғаны соншалық, әріптестері жедел жәрдем шақырған, деп хабарлайды Астана арнасы.
Салмақты ой саралаймыз деп кездескен екі депутат сөзге келіп қалса керек. Бірер минуттан соң бір-біріне жұдырық ала жүгірген. «Коммерсантъ» газетінің мәліметінше, Шешенстаннан сайланған депутат Делимханов Журавлевтың депутаттық сауалына шамданған. Онда Журавлев Дади-юрт қыстағындағы қайғылы оқиғаның құрбандары - шешен қыздарына арнап салынған ескерткіштің қаншалықты заңды екенін тексеруді талап етеді. Сонымен қатар Шешенстан арнайы жасағының «Альфа» қызметкерлерімен жүргізген дайындығына да күмән келтіреді. Жұдырықтасқан жұптың төбелесі Делимхановтың қалтасынан кенеттен құлап кеткен тапаншаның дауысынан кейін тыйылған. Дума спикері Сергей Нарышкиннің пікірінше, тентектік жасаған екі депутат та халық қалаулысы атына сай емес.
Дереккөз: Baq.kz