29 қараша күні облыстық Н.Жантөрин атындағы филармонияда «Атырау – асыл мекенім» атты республикалық әндер мен сазгерлер байқауы өтті.
Оған Атырау, Құлсары қалаларынан бөлек, Астана, Алматы, Талдықорған, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе, Орал қалаларынан келген барлығы 23 сазгер қатысты. Байқау талаптары бойынша олардың әрқайсысы Атырау туралы бір әннен ғана ұсынуы тиіс болды. Алайда, кейбір сазгерлер қазылар алқасының төрелігіне бірден екі ән ұсыныпты, сондықтан, біздің қаламыз туралы барлығы 27 ән тыңдалды.
Байқау өтіп жатқан кезде филармония залында «Сағым жылдар», «Күрең күз», т.б. әндерімен танымал сазгер, әнші Гүлнәр ДӘУКЕНОВАНЫ кездестірдік. Ол өзінің жолдасы, белгілі оралдық сазгер Донеділ ҚАЖЫМОВТЫҢ жанкүйері ретінде қатысып отырды. Біз оның байқау туралы пікірін білдік:
- Республиканың түкпір-түкпірінен келген әнші, ақын, сазгерлер Атырауды шырқап жатыр. Бұл сында сүрінбей өткен сазгердің әні облыстың сүйікті әніне айналады деп ойлаймын.
Белгілі сазгер, өнертанушы Илья ЖАҚАНОВ төрағалық еткен қазылар алқасының мүшелігінде Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВ, Ринат ГАЙСИН және т.б. елімізге белгілі өнер өкілдері болды. Байқау қорытындысы шықпай тұрғанда, біз Ринат Гайсинге байқауға берер бағасын білу үшін жолықтық:
- Бір қала туралы үздік әнге жарияланатын республикалық байқау жиі өте бермейді. Атырау туралы бірнеше жыл бұрын жазылған белгілі сазгер Болат ҚОХАМАНОВТЫҢ «Атырау қалам» атты жалғыз әні бар екенін айта кету керек. Сондықтан, бұл байқауда қойылатын талап жоғары, біз әннің әуені мен сөзінің мағынасына мән беріп отырмыз. Өкінішке орай, ұсынылған әндердің сөздерінде қайталау көп. Исатай, Махамбет, Дина, Құрманғазы, Жайық сөздерінен аса алмай жатыр. Бірақ, бастысы бұл емес қой. Мәселен, Кеңестік дәуірдегі соғыстан кейінгі уақытта жазылған әйгілі «Подмосковные вечера» әнін алып қарасақ, онда Мәскеу облысы туралы ешбір сөз жоқ.
Ал мынау атыраулық белгілі сазгер Роальд ТОПЧЕВСКИЙДІҢ пікірі:
- Меніңше, бұл байқау болғаннан кейін мұнда жаңа әндер орындалуы тиіс. Ал осының ішінде сазгерлердің бірі, атын айтпаймын, осыдан 20 жыл бұрын жазылған әнін ұсыныпты. Бұлай істеуге болмайды. Ал өзім сырттай сыншы ретінде айтсам, маған Болат Қохамановтың алып келген жаңа әні ұнады.
Байқау қорытындысының гала-концерті мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі облыстық М. Өтемісұлы атындағы драма театрында өтті. Өкінішке орай, қазылар алқасы бас жүлдеге лайықты әнді кездестірмеді.
Сонымен байқау қорытын-дысымен «Ақ Жайығым» әнімен Астанадан келген Айгүл ЕЛШІБАЕВА сазгер, ақын әрі орындаушы ретінде 1-орын иегері болып танылды. 2-орын «Атырауым - Атамекенім» әнімен Жарқынбек ДЕРБІСАЛДИНГЕ (сазгер әрі орындаушы), Нұрболат МЕШІТБАЕВҚА (ақын), «Асқақ әнім - Атырау» әнімен Болат ҚОХАМАНОВҚА (сазгер), Асантемір АХАН СЕРІККЕ (ақын), Әсет ӘЛИЕВКЕ (орындаушы) берілді. 3-орынға «Атырау – алыптар мекені» әнімен Донеділ ҚАЖЫМОВ (сазгер әрі орындаушы), Закария СИСЕНҒАЛИЕВ (ақын), «Атырау-Жайық» әнімен Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ (сазгер), Аманкелді ШАХИН (ақын), Дастан НАУРЫЗБАЙҰЛЫ менЕрнар ӨМІРӘЛІ (орындаушылар), «Атырау - асыл өлке» әніменРоальд ТОПЧЕВСКИЙ (сазгер), Қадір ЖҮСІП (ақын), Айдын ЖҰМАБАЕВ (орындаушы), «Жайығым ерке, тербелші» әнімен Аман ЫБЫРАШ (сазгер әрі ақын), Зина ҚАРАБАЛИНА мен Назерке ХАМЗИНА (орындаушылар) ие болды.
Ал қалған қатысушылар дипломмен марапатталды.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ