Пошта бөлімшелерінде қызу жұмыс жүріп жатыр. Басылымдарға жазылу науқанының аяқталуына аз уақыт қалды. Пошта бөлімшелерінің қызметкерлері желтоқсан айында адамдардың көп келетінін байқайды.
«Қазпошта» АҚ Атырау филиалының жазылу бөлімінің басшысы Марианна КИМНІҢ айтуынша, 5 желтоқсанда көптеген ресейлік басылымдарға жазылу аяқталады екен. Атыраулықтар бұл басылымдарға жазылуды сирете бастаған:
– Ресейлік басылымдардың ішінен жазылушылар арасында «Аргументы и Факты», «Комсомольская правда», «ЗОЖ» газеттері, «Люблю готовить» журналы кеңінен танымал. Алайда қазақстандық басылымдарға да жазылу жақсы жүріп жатқанын айта кету керек. Облыс тұрғындары «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз Адам» журналдарына, әйелдер үшін қызықты рецептілері бар көркем безендірілген «Өте дәмдi» және «Жал-Жая» журналдарына көп жазылуда. Кішкентай оқырмандар үшін ата-аналар «Балдырған» журналын жаздырады, әрине, облыс тұрғындары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына көп жазылады.
Қазақстандық басылымдарға жазылу 25 желтоқсанға дейін (осы күнді қосқанда) жалғасады. Айтпақшы, «Ақ Жайық» газетіне жазылу үшін жақын жердегі пошта бөлімшесіне бару міндетті емес. Пошташының өзі барып, сол жерден, үйіңізден немесе кеңсеңізден баспасөзге жаза алады. Пошташының келу уақытын өзіңізге қолайлы уақытта 36-62-93 телефоны арқылы келісіп алуға болады.
Жазылушылардың көпшілігін келесі жылдың басында өз басылымдарын уақытында ала аламыз ба деген сұрақ мазалайды. Биылғы жыл басында басылымды жеткізуге қатысты проблемалар туындаған еді.
– Өткен жылы жазылымның қызған шағында жаңа бағдарлама енгізіліп, ол жыл басында іркіліс тудырды. Биыл бұл бағдарлама дұрыс жұмыс жасап тұр. Сондықтан мұндай проблема туындамауы тиіс. Республикалық басылымдар Атырауға поштамен жеткізіледі, сондықтан, әрине, жазылушыға олар шыққаннан кейін бірнеше күн өткен соң жеткізіледі. Жергілікті басылымдарды Құлсары мен Миялы тұрғындары шығарылғаннан кейін келесі күні алады. Өйткені пошталық хат-хабарлар жөнелтілетін пойыз кешке жүреді, - дейді Марианна Александровна. – Егер БАҚ жабылса, басылымдарды жеткізу тоқтатылады. Биыл осындай бірнеше жағдай болды. Басылым жабылған жағдайда Қазпошта жазылушыға жазылған ақшасын қайтарып береді.
Жазылу бөліміндегілер пошташылардың тапшылығы мен қаланың кеңейіп бара жатқандығы проблема болып отырғанын атап өтті.
– Жаңа ықшамаудандарда үйлердің нөмірлеріне қатысты жаңылысулар болады. Жеке секторда үйдің нөмірлері мүлдем болмауы да мүмкін. Жазылушылар жеке үйлеріне және көппәтерлі үйлердегі пәтерлеріне нөмір салып белгілесе, пошташыларға көп көмегі болар еді. Ал жеткізілген хат-хабарларды қарапайым пошта жәшігімен сақтауға болады, - деп атап өтті М. Ким.
Айтпақшы, жеке пошта жәшігін шаруашылық дүкендерінен бар болғаны 2 500 теңгеге сатып алуға болады.
Тамара СУХОМЛИНОВА