Атырау, 26 қараша 14:35
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Құлсарыда жаңа саябақ салынады

2 670 просмотра

3 желтоқсанда «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында болған брифингте Жылыой ауданының әкімі Мақсым ІЗБАСОВ (суретте) Құлсары қаласындағы жері жеке коттедждер салушыларға бөлініп берілген ескі саябақтың орнына жаңа демалыс саябағы салынатынын хабарлады.

Әкім өз есебін Жылыой ауданы аумағынан атыраулық мұнайдың 91%-ы өндірілетінінен бастады. Соңғы он айда ауданда 24 млн 393 мың тонна мұнай және 12 млрд 167 млн текше метр газ шығарылған. Ауданда жерді инвентаризациялау жүргізілді. Мемлекетке пайдаланылмаған 70,6 мың гектар алқаптар мен жайылымдар, 275 жеке құрылысқа берілген жер телімдері және  бизнесті дамытуға берілген 70 учаске қайтарылды.

Жыл соңына дейін ауданда күніне 250 адам қабылдайтын емхана, 280 орындық балабақша мен 624 орындық мектеп қолданысқа беріледі. 300 орындық мектептің құрылысы басталды. 2015 жылға дейін Құлсарыда 280 орындық екі балабақшаның құрылысы басталатын болады.

Аудан орталығындағы Мұнайшы ықшамауданында 5 үш қатарлы 60 пәтерлі үй салу жоспарлануда – қазір жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып жатыр. Құлсары – Шоқпартоғай – 11,5 шақырым, Құлсары – Қосшағыл – 3 шақырым, Құлсары – Ақкиізтоғай – 33 шақырым бағытындағы кіру жолдарын жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, көлік министрлігіне жіберілді. Келесі жылы жалпы құны 576 млн теңгені құрайтын Құлсары – Теңіз тас жолының Тұрғызба ауылына дейінгі учаскесін жөндеу аяқталады.

Аудан орталығы республика-ның моноқалаларын дамыту бағдарламасына енгізілді. Осы бағдарлама аясында мектептерді күрделі жөндеуге 103,9 млн теңге; 4 спорт және 5 балалар алаңқайын, 19 автобус аялдамасын салуға және қала көшелерін көгалдандыру мен абаттандыруға 87,2 млн теңге; қаланың көлік жолдарын жөндеуге 157 млн теңге, Бірлік, Шұғыла, Барлаушы, Жадырасын, Жадырасын-2 ықшамаудандарының электр желілерін реттеуге 95 млн теңге бөлінді.

Ауданда 34 педагог пен 12 дәрігердің жетіспеушілігі өзекті болып тұр.

Өткен жылмен салыстырғанда аудандағы қылмыс деңгейі 43,6%-ға, ауыр қылмыстар 49,1%-ға артты. Себептері көз алдымызда: қылмыстың ашылуы өте төмен - 16%, яғни, өз жазасын әр алтыншы қылмыскер ғана алып отыр.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

5 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.