Атырау, 21 желтоқсан 10:05
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Дзюдошылардың олимпиадалық үміттері

2 145 просмотра

2014 жылы Олимпиада-2016  қатысушыларын іріктеу үшін дзюдодан халықаралық турнир басталады. Атыраулық палуандардың қандай мүмкіндіктері бар? Осы тақырыпта біз облыс құрамасының аға бапкері Талап Бердейұлы МҰҚАНОВПЕН (суретте) әңгімелестік.

-Жақында Өскеменде Қазақстан чемпионаты өтті. 57 келіге дейінгі салмақта «алтын» ұтқан Назгүл Құбашева бір қуантып тастады. Қазақстан құрамасының бірінші нөмірлі спортшысы Асхат Телманов өз шеберлігін көрсете алмады – беті қанталап кетті, сондықтан да төреші оған татамиға шығуға рұқсат бермеді.

Ел құрамасындағы келесі бір спортшы Наурыз Майлашев тізеден алған жарақатына жасатқан отадан кейін жаттығуларды жаңа бастап жатыр. 2014 жылдың ақпанына дейін ол толықтай жазылып, Польшада өтетін Әлем кубогына қатысады деп үміттенеміз.

Өкінішке орай, ел чемпиона-тының бірінші айналымында Ержан Қабделов, Сұңғат Закарьяев және Кенжебек Күзембаев сынды белгілі атыраулық дзюдошылар жарыстан шығып қалды.

- Сенім артқан үштігіміз – Телманов, Құбашева және Майлашев қандай рейтингтік жарыстарға қатысады? Айтпақшы, бұрынғы олимпиадаға қатысушымыз Ринат Ибрагимов қайда?

- Ринат өткен жылдан бері Оралда тұрады және сол жердегі спорт мектептерінің бірінің оқу ісінің меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысы құрамасы сапында өнер көрсетеді.

Асхат қазір дзюдошылардың әлемдік рейтингінде 10-орын алады. Оның дәрежесіне жету үшін Назгүл бен Наурызбекке көп жұмыс жасау керек, алайда оған шамалары жетеді деп ойлаймын. 2014 жылдың ішінде оларды Парижде, Мәскеуде, Бакуде және Токиода өтетін Үлкен Шлем серияларындағы маңызды турнирлер күтіп тұр. Әлемнің әр түкпірінде көптеген оқу-жаттығу жиындары, Германияда, Түркияда және Алматыда Гран-При сериясының турнирлері өтеді. Тамызда Челябинскіде әлем чемпионаты, ал 2014 жылдың аяғында Орал қаласында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол жерде жылды қорытындылайтын боламыз. Мамырда мықты дзюдошылар арасында Топ-16 турнирі өтеді. Өткізу орны әзірге белгіленген жоқ. Біздің «үштікке» тек жан сала жаттығу жасап, турнирлерде жақсы нәтижелер көрсету керек, сонда ғана олимпиадалық лицензияларға қол жеткізе аламыз.

-Олимпиада-2020 лицензияларына күресетін келешек дзюдошыларымыз туралы айтыңызшы.

- Біздің балалар жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында жақсы өнер көрсетті. Сондықтан да қаламызға 2014 жылғы чемпионатты өзімізде өткізуге және әр салмақ санаты бойынша 4 спортшы қатыстыруға рұқсат берілді.

Өтіп бара жатқан жылда Қанат Сейілхан, Райымбек Ашықов және Әнел Сүлейменова ел чемпионы атанды. Айдана Тянова, Армат Есқазиев, Азамат Жексенбаев және Саян Қайырғали үнемі жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Өз қаламызда болатын чемпионатта жақсы өнер көрсету үшін біз Атырауда ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Мәлік Сүлейменовтің жүлдесіне арналған республикалық турнир өткіземіз. Жарысқа Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан және облысымыздың барлық аудандарынан командалар шақырылады. Желтоқсанның аяғында облыстық іріктеу чемпионаты өтеді. Осыдан 1 және 2-орын алғандар облыс құрамасына ілігіп, ел чемпионатына қатысу үшін болатын оқу-жаттығу жиынына барады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

5 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.