Атырау, 26 қараша 12:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Е-Islam сайты ашылды

4 211 просмотра

28 қараша күні Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде тікелей эфирде ҚР Дін істері агенттігінің төрағасы Марат ӘЗІЛХАНОВТЫҢ брифингі өтті. Оған аймақтардағы БАҚ өкілдері де бейнебайланыс арқылы қатысуға мүмкіндік алды.

Брифингте «Е-Islam» ақпараттық-ағартушылық ғаламтор-порталының және дін мәселелері бойынша кеңес беру мен шағымдарды қабылдауға арналған «Қауырт желі – 114» жобасының таныстырылымы өтті.

«Е-Islam» ғаламтор-порталын Дін істері агенттігі Рухани бірлік қорымен бірігіп жасаған. Оның қызметі Қазақстандағы дәстүрлі исламның рухани құндылықтарын, мемлекеттік құрылымның зайырлылық қағидаларын, сондай-ақ, діни экстремизм мен терроризмнің таралуының алдын-алуға бағытталған. Порталда қасиетті Құран кітабының толық мазмұнымен танысуға, намаз оқу, ораза тұту, зекет төлеудің ережелері мен ерекшеліктерін оқып үйренуге болады.

- Портал оқырмандары Пікірталас алаңында өздерін қызықтырған проблемаларды талқылай алады. Республиканың беделді дінтанушы-ғалымдарының жеке блогтары орналасқан «Сарапшылар бағаны» жұмыс жасайды, -деді М.Әзілханов.

Одан кейін азаматтар мен ұйымдардан діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпараттарды қабылдауға және деструктивті діни ағымдардан зардап шегушілерге консультациялық және психологиялық  көмек беруге арналған «Қауырт желі - 114» ақпараттық-консультациялық орталығының жұмысы туралы айтылды. Орталықта кәсіби психологтар, заңгерлер, дінтанушылар қызмет етеді. Кеңес беру тәулік бойы, тегін әрі құпия түрде жүргізіледі.

«Қауырт желі - 114» ақпараттық-консультациялық орталығының жетекшісі Юлия ДЕНИСЕНКО бүгінде Қауырт желіге 6 мыңнан астам адамның шағымданғанын айтып өтті: 

- Бізге көбіне Қазақстанда тыйым салынған дәстүрлі емес, экстремистік бағыттағы ағымдарға қатысты қоңыраулар түседі.

Астаналық журналистердің бірі мешіттердегі қаржы-шаруашылық қызметінің ашықтығына қатысты, яғни садақа мәселесі жөнінде сауал қойды. Бұған қатысты  Дін істері агенттігінің төрағасы Әзілханов ҚМДБ-на және еліміздің мешіттері мен шіркеулер басшыларына ашықтық бастамасы туралы үнемі еске салып отыратынын айтып өтті.

Атырау облыстық «Шапағат» теріс діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығының директоры, исламтанушы Ерсін ӘМІРЕ жаңа порталға екі ұсынысын алға тартты.

- «Е-Islam» ғаламтор-порталындадіни экстремизм, терроризм және саляфизм, уахабизм секілді жат ағымдар мәселесі, олардың идеологиялық астарлары, белгілеріне т.б. қатысты арнайы айдарлар ашылып, қарапайым тілде ашып түсіндірілсе деген екі ұсынысым бар. 

Бұған қатысты М.Әзілханов:

- Ерсін бауырымды жақсы білемін,оның деңгейі аталмыш порталдың блогері және сарапшы болуға да жарайды, -  деп жауап берді. 

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

5 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.