Құлсарыда ауыз су мәселесі ушығу үстінде. Қаржы судай ағылып жатқанымен, оның өтеуі мардымсыз болып тұр.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан ТҰХФАТОВ Құлсары қаласының тұрғындарыауыз суды тәулік бойына үздіксіз алып тұрғанын айтады.
- Бұл бұрын болмаған жетістік! - дейді ол. – Мұның бәрі ТШО-ның «Игілік» бағдарламасының арқасында.
- Ұзаққа созылған бұл бағдарлама жұмысы қашан аяқталады?
- 2015жылы. Ал кейбір ықшам аудандарда 6 шақырым ауыз су құбырын жүргізу жұмысы келесі жылдан бастап қолға алынады.
- Сіз су тәулік бойына беріледі деп отырсыз, ал тұрғындар судың шектеулі түрде сағаттап берілетініне шағымданып отыр...
- Түсінбедім... Қазір «Жылыойсу» КМК директоры Балтабай ЫБЫРАЕВТЫ шақырайын. Үйлерді бірге аралаймыз.
«Жылыойсу» КМК директоры Б. Ыбыраевты (суретте) 1-ші ықшам ауданның тұрғындары салқын қарсы алды. Олардың шағымы дауға ұласты. Жыл сайынғы уәдеге тойып, төзімдері таусылған тұрғындар сенімсіздіктерін ашық айтты. Тәулік бойы ауыз су жүреді деген сөзін дәлелдеу мақсатымен директор бірінші қабаттағы пәтердің есігін ашты.
- Сендердің пәтерлеріңде ыстық және салқын су жүріп тұр. Бұдан артық не керек сендерге? -деді Ыбыраев.
- Ал біздер жоғары қабатта тұрамыз, салқын су күніне үш мезгіл2 сағаттан 6 сағат қана беріліп тұр. Бұл - жылдағы жағдай. Үшінші қабаттан жоғарылар дәл менің кебімді киіп отыр. Мұны қалай түсіндіресіз? «Игілікке» жұмсалған қырғын қаржының өтеуі осы болса, жетіскен екенбіз, -деді Зоя РЫСҚАЛИЕВА.
Осы жерде Ыбыраев су қысымын көтеру мүмкін болмағандықтан, суды сағаттап беріп отырғанын мойындады.
Бұл кездесуде тұрғындар жылу жоқтығына шағымданды. Жылумен қамтумен де «Жылыойсу» КМК айналысады. Одан әрі №29 үйдің астындағы жертөлені су басып қалғанын, тазарту неге жүрмей жатқанына алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі Мақсым ІЗБАСОВ бұдан бұрын жертөле толық тазартылғанын бірнеше рет айтып еді. Бейресми ақпарат бойынша, жертөле жұмысымен айналысқан «ЭРА» ЖШС-ін қаржы полициясы бақылауға алған. Қазір нысандардың сараптамасы жүргізілуде.
- ТШО 45 млн долларды құлсарылықтардың ауыз суы үшін жұмсады. Қаржы көлемі бұдан көп болуы да мүмкін. Бірақ жұмыстары шала, мәселен, төрт үйге жүргізілген құбырды қоспастан тастап кеткен. Біз бірнеше ай сусыз отырдық, көп айғайдан кейін ғана жақында қостырдым. Бұл масқара емес пе?- дейді Қалдаш МАМБЕТОВ.
Ауыз су, жылу, жертөлеге жауапты «Жылыойсу» КМК бүгінде қарыздың астында қалған. Ауыз су «ҚазТрансОйл» ЖШС-нен алынатындықтан, қарызы 138 млн теңгеге жеткен. КМК бұл қарыздан құтыла алмай отыр. Жуырда әкімдік су тарифін өсіруге қол жеткізді.
- Біз айына 500 мың, болмаса, 1 млн теңгені үнемдеп, «ҚазТрансОйл» ЖШС-не қарыздан құтылу үшін төлеп тұратын боламыз. Бұл бірнеше жылға созылады. Біздің бұдан басқа амалымыз қалмай тұр,- дейді Б. Ыбыраев.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА