Атырау, 25 қараша 11:45
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Дәстүр жаршысы

17 148 просмотра

Алматыдан келген танымал этнограф, коллекционер Баһаргүл ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ (суретте) Атырауда ұлттық кәдесыйлар көрмесін өткізді. Көздің жауын алар өңіржиек, білезік, жүзік, сақиналар секілді зергерлік бұйымдар көптің сұранысына ие болды.

Б.Төлегенқызының Алматыда сирек кездесетін алтын және күміс бұйымдарының жеке мұражайы бар. Оның бүгінде, негізінен, Қытай, Моңғолия сынды шетелде тұратын қазақтардан тірнектеп жинаған мыңнан аса кәдесый үлгілері топталған.

- Жиған ұлттық жауһарларымның ішінде тарихы мың жылға кеткен, көздің жауын алатын әшекейлер, сақина, білезік, сырғалар, ат әбзелдері мен ер азаматтардың жорыққа қатысты сайман қарулары, әйел белдіктері, тұрмыстық бұйымдар, сондай-ақ киіз үй жабдығы, келі-келсап, диірмен, ошақ, бесік, сырмақ, кесте өнері қатарлы салт-дәстүр бұйымдары бар. Өткен ғасырлардағы қазақ шеберлерінің қолынан шыққан бұл зергерлік бұйымдар негізінен алтын, күміс, қола мен мыстан, тері мен ағаштан жасалған, - дейді ол.

Құстұмсық жүзік –құс жақсылық хабардың жаршысы. Қазақ халқы құсты еркіндік, мейірімділік пен қайырымдылық, бейбіт өмір белгісі ретінде бағалаған. Сондықтан да «құстұмсық» жүзікті қыздардың саусағына тағады. Ертеде құстұмсық жүзік қыздың төркініне бір жылға жетпей қайтып келген. Бұл қыздың «жағдайым жақсы» деген ишарасы саналған.

Б.Төлегенқызының негізгі мамандығы – биолог. Өзі 1969 жылы Қытай елінің Шәушек аймағында дүниеге келген. Қазақстанға 1994 жылы оралған.

Ол Қазақстандағы ежелгі қолданбалы өнерді зерттеумен көп жылдан бері айналысып келеді. Оның айтуынша, шолпы-шашбау секілді әшекей бұйымдар қыз баланы байсалдылыққа тәрбиелеген.

Құдағи жүзік  – халқымыздың салт-дәстүрі бойынша қызын ұзатқан ана енесі мен қызының арасы жарастық тапсын деген ниетпен құдағи жүзік сыйлаған.

- Егер қыз шалт қозғалыстар жасаса, шашбаудан қатты дыбыс шыққан. Шолпысын салдыр-сұлдыр еткізіп, ел назарын өзіне аударғысы келмеген әдепті қыз салмақты болып өседі, - дейді Б.Төлегенқызы.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

5 желтоқсан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.