Атырау, 26 қараша 12:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Бергей Рысқалиевтің ісі 10 күннен кейін сотқа жіберіледі

3 393 просмотра

Кеше Атырау облыстық прокуратурасына Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінен Бергей РЫСҚАЛИЕВТІҢ ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты қылмыстық іс түсті.

Қаржы полициясының баспасөз қызметі таратқан релизге сәйкес, қылмыстық істе 22 адамның аты-жөні көрсетілген: 11 айыпталушы қамауға алынған, 9-ы– үйқамақта, 2-уі басқа жаққа кетпеу туралы қолхатпен және тиісті тәртіппен жүр. Қылмыстық ұйымдасқан топ басшысының өзі бұрынғы облыс әкімі Бергей Рысқалиев, оның бауыры, мәжілістің бұрынғы депутаты Аманжан РЫСҚАЛИ, сонымен қатар оның тағы тоғыз сыбайласы халықаралық іздеуде жүр (үлестес құрылыс компанияларының директорлары – Айбат СҮЛЕЙМЕНОВ, Артем ДАНЕВИЧ, Бергей Рысқалиевтың күйеу баласы Рүстем ӘЛБАҚАСОВ және т.б.). Осы тұлғаларға қатысты қылмыстық іс материалдары жеке өндіріске жіберілген.

Ресми мәлімдемеден белгілі болғандай, Рысқалиевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы 71 миллиард теңгеден астам мөлшерде зиян келтірген, оның ішінде 23,6 миллиард теңге сомасындағы мүлік мемлекетке қайтарылды.

Тергеу барысында жалпы сомасы 42 миллиард теңгеге айыпталған 580-нен астам атаудағы жылжымайтын және жылжымалы мүлікке тыйым салынды (аяқталмаған бес құрылыс нысаны; 73 жер телімі; екі әкімшілік ғимарат, 13 тұрғын үй, 12 кеңсе, 23 пәтер, 197 көлік құралы, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталдарындағы 31 қатысу үлесі, 145 бірліктегі түрлі жабдықтар, 19 банктік есеп-шот).

Бұдан басқа, Швейцария конфедерациясының федералдық прокуратурасы Бергей Рысқалиевтың жақын туыстары мен оның үлестес тұлғаларының Швейцария банктерінің есеп-шоттарындағы едәуір ақшалай қаржыларға тыйым салған (шамамен 100 миллион еуро сомасы туралы айтылды).

2013 жылдың 11 шілдесінде Швейцария конфедерациясына осы мемлекеттің аумағында тергеу әрекеттерін жүргізу туралы халықаралық тапсырма жолданды.

2012 жылдың тамызынан бастап Рысқалиев өз лауазымынан шеттетілген кезде, облыс әкімінің бұрынғы орынбасарлары Болат ДӘУКЕНОВ, Асқар ӘБДІРОВ, Атырау қаласының бұрынғы әкімі Асқар КЕРІМОВ, облыстық қаржы басқармасының бұрынғы бастығы Бауыржан ЖАНТЕМІРОВ, сондай-ақ, бірқатар облыстық басқармалардың бұрынғы басшылары қамауға алынды.

Прокуратураның іс материалдарымен жете танысуына 10 күн уақыт бөлінеді, кейін ол сотқа жолданатын болады.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

4 желтоқсан 2013, 17:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.