Бүгін, 3 желтоқсанда Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қалалық құрылыс бөлімінің бұрынғы бастығы Серік СӘДУАҚАСОВҚА үкім шығарылды. Ол 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды.
52 жастағы Сәдуақасовқа қарсы Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша айыптар тағылды. Бірінші іс биылғы жылдың ақпанында 176-баптың 3-тармағының «г» тармақшасы («мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамның сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алуы немесе ысырап етуі») бойынша қозғалды. Тамызда тағы үш қылмыстық іс өндірісі ашылды: аталмыш баптың тағы бір тармағы бойынша, сонымен қатар 302-баптың 2-тармағы («Лауазымды тұлғаның кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысуы») мен 193-баптың 3-тармағы («Заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлiктi заңдастыру») бойынша. Кейінірек барлық төрт эпизод бір өндіріске біріктірілді. Естеріңізге салсақ, Сәдуақасов өз лауазымынан 2010 жылы кеткен еді. Қамауға алынған кезде ол жұмыссыз болатын.
Гүлнар ХАЖЕНОВАтөрағалық еткен сотта ол 310-баптың 2-тармағы, 176-баптың 3-тармағы, сонымен қатар 311-баптың 5-тармағы («Мемлекеттік қызметтер атқаруға уәкiлеттi адамның аса ірі мөлшерде пара алуы») бойынша кінәлі деп танылды. Аса ауыр емес қылмысты аса ауыр қылмысқа қосып алу арқылы жалпы жазалау мерзімі - мүлкін тәркілеумен қатар қатаң режимдегі түзету колониясында 10 жылды құрады. Заттай айғақтарды – пәтер мен цокольды орынжайларды (әңгіме Нұрсая ықшамауданындағы көппәтерлі үйлердің орынжайлары туралы болып отырған секілді – З. Б.) – сот мемлекет кірісіне айналдыруға қаулы шығарды.
Сот сонымен қатар қалалық әкімдіктің тарапына жеке ұйғарым шығарды. Осы құжаттың туындауына қандай жайттар себеп болғаны белгісіз – сотта олар жария етілмеді.
Сотталушының адвокаты Татьяна МОХНАЧЕВА өз қорғалушысының атынан үкімге қарсы шағымданатынын айтты:
– Біз үкіммен үзілді кесілді келіспейміз, менің қорғалушым өзіне тағылып отырған қылмысты жасаған жоқ. Негізсіз айып тағылып отыр.
Естеріңізге салсақ, Сәдуақасов өткен жылдың тамызында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (ЭҚСҚД) жүргізген қылмыстық істердің шеңберінде қамауға алынды. Іс материалдарына сәйкес, Сәдуақасов мемлекеттік қызметті орындауға өкілетті лауазымды тұлға бола отырып, 2009 жылдың ақпанында өзінің қызметтік бабын заңсыз пайдаланып, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысқан. Бұдан басқа, ЭҚСҚД бастығының бірінші орынбасары Асхат БІТІМБАЕВ таяуда өткен брифингте мәлімдегендей, оған заңсыз жолмен алынған мүлікті заңдастырды, Атырауда несиелік баспана салуға бөлінген бюджет қаржысын ұрлады, аса ірі мөлшерде пара алды деген айыптар тағылды. Атап айтқанда, сотта Сәдуақасов «Атырау Құрман Құрылыс» ЖШС-не сенімді тұлға арқылы тең құрылтайшы боп кірді, кәсіпорында 50 пайыздық үлеске ие болды және іс жүзінде кәсіпорынды басқаруға қатысты деген дәлелдер келтірілді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті түсірген автор