29 қараша күні жоғалып кеткендердің бірінің - Оралбек БЕГЕЖАНОВТЫҢ денесі Қамыскөл көлінің жағасынан 250 метр жерден табылды (Қамыскөлде әкесі мен баласы жоғалып кеттті). Ал әкесі - Мереке БЕГЕЖАНОВТЫ іздеу жұмыстары жалғасуда.
Қазірдің өзінде су бетіне 2 см шамасындай мұз тұрып қалыпты. Бұл іздеу жұмыстарына кедергі келтіріп отыр. Іздеу бригадасы резеңкі қайықтарды тастап, ағаштан жасалған ескекті қайықтарға отырды.
- Ағаш қайықтар мұзды жарып өте алмайды, ескек есу де мұзда қиын, енді облыстық ТЖ департаменті мен «МАКО» ЖШС-нен бөлінген үш катерге қарап қалғанбыз. Катердегі адамдар ағашқа соқа байлау арқылы көл ішін сүзуде. Бірақ оның да нәтижесі шамалы болып тұр. Біз іздеу жұмысы тоқтатылып қала ма деп қорқа бастадық, - дейді Мерекенің үлкен ағасы Талғат БЕГЕЖАНОВ (суретте).
Жылыой ауданы суда құтқару бөлімінің бастығы Самат АБУЕВТЫҢ айтуынша, көл астындағы 2 мың текше метр тереңдікке дейінгі жері сүзгіден өткен. Қамыс арасы да қаралған.
- Куәгерлердің бірі олардың қайық үстінде жүргендерін көргендерін және сол қайықтың ауып бара жатқанын айтады. Ал енді бірі көлдің қарсы жағалауында екі жеңіл машинасын байқағанын жеткізді. Мереке мен Оралбекті ұрлап кеткен болар деулері жалған, сонда да аудандық ІІБ суреттерін алып, іздеу жариялады. Қазір қолымыздағы бар дерек олар пайдаланған резеңкі қайық пен Оралбектің күртешесі ғана, - дейді туыстары.
- 7 қараша күні жолдасым Мереке 49 мүшел жасқа толды, - дейді Кенжебике ӨМІРЗАҚОВА (суретте). - Біз сол күні түст кеште ағайындар келер деп келін екеуміз дастархан мәзірін жасап жатқанбыз. Олар сағат 5-тер шамасында ау салып, бірер сағатта қайтып келеміз деп асығыс кетіп қалды. Туыстар келді, олар кешікті. Қараңғы да түсіп кеткен, мазасызданған туыстар прожектор жарығы арқылы қайықтармен таңға дейін іздеді. Бірақ, оларды іздеп таба алмадық.
- Оларды ұрлап кетуі де мүмкін дейді...
- Мүмкін, бірақ біреу оларды күшпен алып кетсе, бұл туралы бір дерек осыған дейін болар еді ғой. Өлдіге қимаймын, үйге кіріп келетін сияқты болады да тұрады. Ұлым Оралбек баламның үлкені, екі баласы бар, келінім жас босанып отыр, кішкентайын 9 қараша күні қырқынан шығардық.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары, ТЖ жөніндегі комиссия төрағасы Бауыржан ТҰХФАТОВТЫҢ айтуынша, іздеу жұмыстары облыстан нұсқау болмайынша жүре береді.Егер іздеу тоқтатылса, онда Бегежановтар жоғалғандар тізіміне енгізіледі.
- Біз ТШО, АДЖИП, тіпті Ресейден көмек сұрау ниетімен облысқа хат жаздық. Олардан көмек болса, мүмкін бір нәтижесі болып қалар деген үміттемі, - дейді Б.Тұхфатов. - Қазір көлдің акваториясы секторларға бөліп, іздестіру жалғасуда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор