Атырау, 24 қараша 13:39
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Анар Мешімбаеваның ісі сотқа жіберілді

2 124 просмотра

Статистика агенттігінің бұрынғы төрайымы Анар Мешімбаеваға «қызмет бабын асыра пайдаланды, бюджеттің 758 миллион теңге ақшасын жымқырды» деген айып тағылған. Қаржы полициясының дерегі бойынша, 2009 жылдың 25 ақпанынан 6 наурызына дейін жүргізілген ұлттық халық санағына әуелі осынша қаражат бөлінген.

Тергеу болжамы бойынша, халық санағына 379 миллион теңге жұмсалып, қалған ақшаны статистика агенттігінің шенеуніктері мен жеке меншік компаниялардың басшылары талан-таражға салған.

Статистика агенттігі жаңа басшылығының деректеріне сәйкес, кейін санақ мәліметтерін өңдеуге ақша жетпегендіктен мемлекет бұл шаруаға тағы 59 миллион теңге бөлген.

Халық санағының қорытындылары кешігіп, 2010 жылдың қарашасында жарияланды. Ресми дерекке сәйкес, өткен санақпен салыстырғанда Қазақстан халқының саны өсіп, 16 миллион 372 мың адам болған. Кезінде Азаттыққа берген комментарийлерінде кейбір бақылаушылар жемқорлық дауына іліккен халық санағының қорытындыларына күмән білдірген еді.

Статистика агенттігі басшысы қызметінен 2009 жылдың қазан айында өз еркімен босаған Анар Мешімбаева кейін Қазақстаннан да кетіп қалды. Оның қай елде жүргені жайлы әртүрлі деректер тарады. Әуелі «Түркияның Анталиясында демалыста екен» деген сыбыс шықты. Кейін оны Араб Әмірліктерінен іздеді. Бірақ биыл жыл басында Ресейде ол ұсталып, қыркүйек айында Қазақстанға экстрадицияланды.

Мешімбаева қазір Астанадағы тергеу абақтысында қамауда отыр. Статистика агенттігі бұрынғы басшысының әр қадамын қалт жібермей бақылап отырған жергілікті ақпарат құралдары оның қандай камерада отырғанын, таңғы асқа не ішіп-жегенін, қандай көңіл-күйде екенін жарыса хабарлайды.

43 жастағы Анар Мешімбаеваның мамандығы – экономист. Ол Мәскеудің Ломоносов атындағы мемлекеттік университетін бітірген, экономика ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Қазақстан стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы болып бастап, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде әртүрлі қызмет атқарған. 2005 жылы Қазақстан президенті әкімшілігінің экономикалық саясат басқармасына қарасты жүйелі зерттеулер орталығын басқарды. 2007 жылы статистика агенттігі басшысы болып тағайындалды.

Анар Мешімбаева елден қашып кеткен соң оның бұрын тұрған қызметтік пәтерін алып қойды. Астана қаласында 18 жастағы қызы мен қарт әке-шешесі тұрады.

Дереккөз: Азаттық радиосы

3 желтоқсан 2013, 09:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.