28 қарашада Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде бокстан Қазақстан чемпионаты аяқталды.
Ринг иелері 4 медаль иеленді: «алтын» - Ержан Ордабаев (56 келіге дейін), «қола» - Рашид Салауатов (49 келіге дейін), Азамат Досмағгамбетов (64 келіге дейін) және Нұрлан Нұрсейітов (91 келіге дейін). Е. Ордабаев жарыс демеушісі «НефтеСтройСервис» ЖШС-нен су жаңа «Chevrolet Aveo» көлігіне ие болды.
Командалық есепте Атырау облысының құрамасы 5-орын алды (1-орын - Ақмола облысының құрамасы).
Ержан Ордабаевпен бірге өз салмақ дәрежелерінде Теміртас Жүсіпов, Нұрдәулет Жарманов және Жан Кособуцкий (Ақсола облысы), Әділет Құрметов (ШҚО), Закир Сафиуллин мен Алмасбек Әлібеков (ОҚО), Сағадат Рахманқұлов (Жамбыл облысы), Сапарбай Айдаров (Алматы қ.), Антон Пинчук (Қостанай облысы) 2013 жылғы бокстан ҚР чемпиондары атанды.
Чемпионат қонақтарының арасында 1980 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Серік Қонақбаев пен 2000 жылғы олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов болды.
- Бізде ел чемпионы 2005 жылдан бері болған жоқ, айтпақшы, сол жылы да чемпионат Атырауда өткен. Сол кезде алтын медальді Асхат Сыдықов пен Мұхтар Исмағұлов жеңіп алған еді, - дейдіоблыстық бокс федерациясының техникалық жаттықтырушысы Қанат ОРАҚБАЕВ. - Ал оларға дейін ел чемпионатының «алтын» жүлдесін тек әйгілі Болат Теміров қана иеленген еді.
Е. Ордабаев пен Р. Салауатов ел құрамасына ілікті және Алатау бөктерінде өтетін оқу-жаттығу жиынына барады. Атыраулық спортшыларды бапкерлер Генадий Сморогов, Есенабат Өтеғалиев, Ерболат Бисекенов және Қанат Орақбаев дайындады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ