Атырау, 23 қараша 14:00
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Ағекеңнің нұрлы бейнесі

2 850 просмотра

Бірде мен шенеуніктердің таяз ойларын анық көрсететін бір оқиғаның еріксіз куәгері болдым. Облыстық әкімдіктегі бір бастық өзінің астаналық Ағекесінің мерей тойына ерекше сыйлық тарту етуді ойлайды. Ұзақ толғаныстан кейін керемет идея басына сап ете қалмасы бар ма – туған күн иесіне салтанатты портрет сыйлау керек. Көркем суретті салуды жергілікті өнер мұражайына тапсырады. Шеберлер фотоға қарап отырып, суретті май бояумен екі аптада салып шығады. Алдын-ала айтып қояйын, портрет үлкен етіп жасалды - ұзындығы үш метр, ені екі метр десем, өтірік айтпаған болармын. Ағекеңнің келбетін Мао Цзедундай кең иықты, өткір көзді етіп, қымбат костюм кигізіп, сары далада қызғалдақтар арасында бейнелепті. Жалпы, мұндай «өнер туындылары» алтын жалатқан жақтауларымен не кең сарайларының холында, не кабинетте Күн көсемнің шұғылалы бейнесіне қарама-қарсы ілінеді.

Портрет дайын болғанда, басекең оны жұмыс кабинетіне әкелуді бұйырады – барып қарауға уақыты жоқ. Тасымалдау мәселесі де сол сәтте шешілді: қарамағындағы бірнеше қызметкерлерін шақырып алып, «жаяу әкеліңдер!» деп бұйырды.

Атырауды көп біле бермейтін адамдарға түсіндіріп кетейін: мұражай әкімдіктен бір шақырымдай жерде, оған жету үшін өзеннен орталық көпір арқылы өту керек.

... Ағекенің нұрлы бейнесіне лас тимеу үшін портретті парадқа шыққандай тік көтеріп алып жүрді. Көпір үстінен жүргенде шағалалар мен өткінші адамдар аң-таң күйде. Бұл таңғаларлық үдерісті әкімдік терезесінен қарап тұрдым. Тіпті, көркем суретті ішке кіргізгенде, барар жерлеріне дейін ілесіп баруға да ерінбедім. Портретті аһілеп-үһілеп жүріп, саты арқылы алтыншы қатарға көтеріп, тапсырыс берушінің кабинетіне аяғын алға салып кіргізді-ау, әйтеуір.

Бұл оқиға кабинетке кіргеннен кейін аяқталды деп ойлайсыздар ма?

Қателеспеңіздер. «Он сегіз мың ғалам мен адам ақымақтығының шегі жоқ»,- деп Эйнштейін текке айтпаған болар.

Шенеуніктік «көркем сурет кеңесі» бұлтартпайтын шешім шығарды: Ағекені ренжітпеу үшін (тіршілік тауқыметі өз ізін салады ғой), аз да болса жасарту керек деп бұйырылды. Бас жасамаса, екі аяққа күш түсер дегендей, парад көпір үстімен кері бағытқа қадам басты. Шағалаға күлкі болдық-ау...

Азамат МАЙТАНОВ

28 қараша 2013, 15:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.