25 қарашада таңертең «АЖ» редакциясына Говоров көшесінің бойындағы №10 үйдің тұрғыны Ақерке ЖҰМАЛИЕВА қоңырау шалып, АМӨЗ жақтан мұнай өнімдерінің ащы иісі келіп жататындығына, осынау ластанған ауаның жөтел туғызып, басын ауыртатындығына шағымданды.
Біз Атырау облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Руслан ТӨКЕНОВКЕ қоңырау шалып, біздің оқырманымыздың шағымы туралы хабарлап, оған А.Жұмалиеваның байланыс телефондарын бердік.
Бүгін, 28 қарашада Р.Төкенов сол күні мұнай өңдеу зауытының санитарлық-қорғау аймағының шеңберінде газ анализаторларының көмегімен ауа сапасына тексеру жүргізілгендігін, кейбір ингредиенттер бойынша шекті рұқсат етілген концентрацияның асып кеткендігі анықталғанын хабарлады. Ауаның ластану себептерін анықтау үшін кәсіпорынды жоспардан тыс тексеру жұмыстары басталды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ