Нұрболаттың жүлдесі
Башқұрттың Салауат қаласында өткен белдесе күресуден әлем чемпионатында атыраулық палуан Нұрболат Ыстыбаев (62 келіге дейін) қола медаль алды.
Бұған дейін Нұрболат күрестің бұл түрінен әлем чемпионатына үш рет қатысып, бір күміс пен екі қола жүлдеге қол жеткізген.
Жалпы, Қазақстан құрамасының қоржынына барлығы 5 қола медаль түсті. Атыраулықтар Ринат Лұқпанов (85 келіге дейін) пен Айбек Ахметов (75 келіге дейін) жартылай финалға шыға алмады.
***
Қызылордада 1994-95 ж.т. жастар, 1996-97 ж.т. жасөспірімдер және 1998-99 ж.т. кадеттер арасында қазақ күресінен «Жас Барыс» ұлттық турнирі өтті.
Бұл - «Қазақстан Барысы» турнирінің баламасы. Ересектерге арналған турнирде бас жүлде - 150 мың доллар. Ал «жас барыста» 1-орынға ноутбук, 2-орынға - айфон, ал үшінші орын үшін DVD-плейер берілді.
Атырау құрамасының сапында Бекет Жүніс, Әділет Құлсым және Саян Қайырғалиев жеңімпаз атанды. Қола жүлдегерлер: Мұрат Дошақаев, Дулат Қабдығали, Жеңісбек Қанатов, Қанат Ыстыбай және Фархад Серіков. Спортшыларды бапкерлер А. Серғазиев, А. Қайбуллин, М. Есмағамбетов және А. Сағынғанов дайындады.
***
Есе қайтарар кез келер
Кекушинкай каратеден Атырау қаласының ашық біріншілігі аясында «Атырау» ДСК-нде екі бітіспес қарсыластар - Астрахан облысы федерациясы шәкірттері мен облыстық «Намыс» кекушинкай карате-до федерациясының спортшылары күш сынасты.
«Намыстықтар» иеленген «алтын» саны бойынша 10:17 есебімен ұтылып қалды. «Намыс» құрамында чемпион атанғандар: 14-15 жас –Жақсылық Аманов (абсолют), Диар Жаниязов (50 келіге дейін); 4-5 жас – Ярослав Гончаров (абсолют), Владимир Шкнёв (22 келіге дейін), Берік Сарыкөл (20 келіге дейін), Дамиран Хон (18 келіге дейін), Батыр Төребеков (16 келіге дейін), Асқар Абаев (15 келіге дейін); 12-13 жас – Валентина Босс (45 келіге дейін) және 10-11 жас – Анастасия Правдина (абсолют). Жақында «Намыс» федерациясы Астраханға жарысқа қатысуға бармақшы. Есе қайтарады деп сенеміз!
***
Үшеуі Мәскеуге барады
Қарағандыда әскери самбодан Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл жарыс желтоқсанда Мәскеуде өтетін Халықаралық самбо федерациясының нұсқасы бойынша әлем чемпионатына іріктеу түрінде өтті.
«Айдар» спорт клубының үш шәкірті - Жұмагелді Жетпіспаев (68 келіге дейін), Асыланбек Тәженов (74 келіге дейін) және Азамат Өтеулиев (82 келіге дейін) осы беделді чемпионатқа баратын жолдаманы ұтып алды. Әр салмақ санатында орта есеппен 30 спортшыдан қатысты, сондықтан да самбошыларымызға кілемге бес реттен шығуға тура келіп, олар барлық айқастарда да жеңіске жетті.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ