Биылғы жылдың 1 қарашасынан бастап бұрын сенімхат бойынша сатылған автокөлікті қожайындары сот шешімінсіз есептен шығара алады.
Бұған дейін, ІІМ бұйрығына сәйкес, бұрын сенімхат бойынша сатылған көлікті есептен шығару сот шешімінің негізінде жүргізілген болатын. Сенімхат бойынша көліктерін сатып, әлдебір себеппен мұндай шешімді алмаған кейбір азаматтар жылдар бойына ол үшін «жүргізушілік» салығын төлеуге мәжбүр болатын.
ІІД әкімшілік полициясы басқармасы басшысының орынбасары Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВТІҢ хабарлауынша, 2013 жылғы 26 тамыздағы «Көлік құралының сәйкестендіру нөмірі бойынша көлік құралдарының жекелеген түрлерін мемлекеттік тіркеу және есепке алу қағидаларын бекіту туралы» үкімет қаулысына сәйкес, адамдар ІІД әкімшілік полициясы басқармасының тіркеу-емтихан қабылдау бөліміне арызбен барып, көліктің сатылғанына көп уақыт болғанын, арыз берушінің пайдаланбайтыны туралы түсініктеме жазып, салық төлегендігі туралы түбіртекті (немесе салық департаментінен анықтаманы) және төленбеген айыппұлдарының жоқтығы туралы анықтаманы ұсыну керек. Содан соң көлік есептен шығарылады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ