Атырауда 1 желтоқсан – ЖИТС-пен халықаралық күрес күніне орай баспасөз конференциясы өткізілді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлнәр МАМБЕТОВАНЫҢ айтуынша, қазір жастар арасында ЖИТС-тің қан арқылы және жыныстық жолмен жұғу фактілері көбейген және ауру жұқтырғандардың көпшілігі еңбек ететін, әлеуметтік деңгейі жоғары азаматтар екен.
Ал ЖИТС-ке қарсы күрес орталығының дәрігері Айгүл МҰХАМБЕТҚАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, облыста вирус жұқтырған адам ең алғаш 1993 жылы анықталыпты. Сол кезден бері облысымызда 171 жағдай тіркеліп, қазіргі таңда оның 84-і есепте тұр. Ал 2012 жылы 29 жағдай, 2013 жылдың 10 айында 22 жағдай тіркелген.
– Вирус жұқтырғандар бұрынғы кездері әлеуметтік осал топтарда, нашақорлар арасында көп кездесетін болса, қазіргі уақытта ол қоғам арасына кеңінен тарады, - дейді А.Мұхамбетқалиева.
Бір жақсы жаңалық, Атырау облысында Қазақстан бойынша ауру анадан баласына жұғу фактілері болмапты. 1993 жылдан бері 26 жүкті әйел ауырған болса, олардың барлығының да баласын аурудан аман алып қалған. Сондықтан, жүктілік кезінде әйелдердің міндетті түрде ЖИТС-ке сынама тапсыруы оның сәбиінің өмірінің кепілі болмақ.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА