Құлсары қаласындағы ықшамаудандардың біріндегі үйлердің сыртқы қаптамалары түсіп, тұрғындардың үрейін алып отыр.
Кеңестік дәуір кезінде салынған бұл үйлер осы күнге дейін бір жөндеу көрмеген.
- Біз, әсіресе, бүкіл бос уақытын үйдің жанында өткізетін балаларға зақым келе ме деп қорқамыз. Жақында қаптама плиталар газ құбырының үстіне түсіп, оны істен шығарды. Газшылар тәулік бойы жүріп, құбырды қайта жалғады. Әкімдік келіп, плиталарды түсірді, бірақ жұмысты толық бітірместен, тастап кетті, - дейді ықшамаудан тұрғындары.
№4 үйдің (суретте) қаптама плитасы жерге түсіп, оның астындағы арматуралар жалбырап тұр. Оны алып тастауға тұрғындардың шамалары келмейді.
- Қаптамаларды түгел сыпырып алып тастау мүмкін емес, оған да қаржы керек қой. Осы аудандағы №14және 27-ші үйлердің сыртқы қабаты жартылай түсіп, оны алып тастадық. Кейбірі әлі берік күйінде тұр. Сондықтан біз бұл мәселені шешудің жолын әлі қарастыруымыз керек, - дейдіҚұлсары қаласы әкімінің орынбасары Еркебұлан АҚҚҰСОВ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА