Атырау қалалық соты қаладағы супермаркеттердің бірінде күзетші болып жұмыс істеген жігітке 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасын берді.
1 қазан күні супермаркеттен шыққан үш жігіт таяу маңда тұрған көлік ішінде отырған ер адамды дауыс көтере сөйледің деп жабылып, ұрып-соққан. Куә болғандардың бірі оларды ажыратқан.
Алайда, жігіттер оқиға орнынан кеткен соң, сол күні түнде жұмыста тұрған күзетші қансырап жатқан жәбірленушіге жақындап, оны тепкінің астына алып, таспен бетінен ұрып, «орташа ауырлықтағы дене жарақатын салған».
Атырау қаласы прокурорының көмекшісі Мақсат АТАННЫҢ айтуынша, күзетші әлгі үш жігіттің досы болып шыққан. Ол жәбірленушіні соларға болысу үшін ұрған.
№2 Атырау қалалық соты сотталушыны ҚР ҚК-нің 104-бабының 2-бөлімі «д» тармағы бойынша («Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру») 2 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Айнур САПАРОВА