Шетелдің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса хабарлағандай, Африка құрлығының оңтүстігінде орын тепкен Ангола мемлекеті «мұсылман лаңкестеріне жол бермеу» үшін өз аумағында асыл дініміздің таралуына тыйым салған көрінеді.
Бұл хабарда француз тілінде жарық көретін мароккалық La Novelle Tirbune апталығына сілтеме жасалған. Аталмыш басылымда осыған қатысты бірқатар ресми тұлғалардың, соның ішінде Анголаның мәдениет министрі Розы Крустың сөзі келтірілген екен. Оның сөзін француз тілінен аударғанда былай өріледі: «Ел аумағында ислам дінін заңдастыру үдерісі әзірге Әділет және адам құқығы жөніндегі министрлік тарапынан бекітілген жоқ. Сол себепті, елдегі барлық мешіт тиісті шешім қабылданбайынша жабылатын болады». Аталмыш ведомства жетекшісі парламенттте сөйлеген сөзінде осындай мәлімдеме жасады.
Бұл арада жаппай тыйым салу турасында сөз болып отырмағанын, елдегі күрделі ахуалға байланысты бюрократиялық кедергілерге қатысты әңгіме қозғалғанын айта кету керек.
Түрлі мәліметтерге қарағанда, Анголада 80-90 мың аралығында мұсылман жамағаты өмір сүреді. Олардың дені батыс Африкадан және Ливаннан келгендер. Алмас пен қара алтынға бай, бұрын Португалия отары болған елде католиктермен қатар, ата-баба наным-сенімін ұстанатын тұрғындардың қарасы көп.
Дереккөз: muslim.kz