«АЖ»-ға биылғы қыркүйектің ортасында басталған Сәтпаев даңғылындағы бетонды жол жиектерін гранитке ауыстыру жұмыстарына теріс пікір білдірген қала тұрғындарынан біршама қоңырау түсіп тұрады.
Жүргізушілер егер мұндай жиекті дөңгелек жанап өтетін болса, оның өткір қыры дөңгелек резіңкесін кесіп кетеді деседі. Жаяу жүргіншілер тарапынан да реніштер бар – кей жерлердің жиектерін қалай-солай орнатқан, жаяу өткелдердің маңы тегіс емес, бала арбасымен жолды кесіп өту қиындап кеткен деп шағымданады. Жергілікті бюджеттен бөлінген миллиондаған қаржылар қомақты ақшаға гранит жиектер жеткізетін әлдебір оралдық компанияға кетіп жатыр деген қауесеттер тараған. Адамдарды қалалық әкімдік жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын бақылауға ала ма, бастысы – бюджеттен жолдың осы бөлігін көркейтуге қанша қаржы бөлінгендігі қызықтырады.
Біз тиісті сауалды қалалық әкімдікке жолдаған едік. Қала әкімінің орынбасары Жұмабай ҚАРАҒАЕВТЫҢ қолы қойылған жауапта мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бойынша Сәтпаев даңғылын (орталық көпірден Құрманғазы көшесінің бойындағы жол өтпесіне дейін) орташа жөндеу жұмыстарының жалпы сметалық құны 740 млн теңгені құрайды, соның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына – 715 млн теңге деп жазылған. Биыл жергілікті бюджеттен осы мақсатта 126 млн теңге бөлінген.
«Жобаға көше жөндеу жұмыстарының келесі түрлері кіреді:
Бүкіл жабын алаңын терең қопсыту, ұсақ түйірлі асфальтты-бетонды жабынның жаңа қабатын және тегістеуші қабатты төсеу, шөгінділерден тазарту, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу (қажет болған жағдайда), автобус аялдамаларымен және көлік тоқтайтын жерлермен шектескен жабындарды жөндеу, люктерді жолдың жобалық белгісіне дейін көтеру, сонымен қатар белгілер сызу, - делінген жауапта. – Жолдың осы учаскесіндегі жұмыстарды тендер қорытындысына сәйкес, «Атырауинжстрой» ЖШС мердігер компаниясы жүргізеді.
Осы мекемелерде алынған мәліметтер бойынша, гранит жиектер Алматы облысында шығарылады. Жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі дөңес жерлерге келетін болсақ, мұның жол жабынын әрі қарай асфальттау есебімен жасалғанын хабарлаймыз. Бұл жұмыстар «Инжпроект» ЖШС мен «Модуль-Атырау» ЖШС-нің үнемі бақылауында болады. Авторлық және техникалық қадағалау қалалық әкімдіктің бақылауында».
Біздің оқырмандарымызды, сонымен қатар, Сәтпаев даңғылындағы кеспе тастарды жыл сайын ауыстырудың қажеті қанша деген сұрақ қызықтырады. Қалада жаяу жүргінші жолы салынбаған жерлер жеткілікті ғой. Ж.Қарағаевтың жауабында бұл туралы былай делінген: «Сәтпаев даңғылының бойындағы кеспе тастарды ауыстыру жұмыстары бұрынғы жабынның тозуына байланысты жүргізілді. Сәтпаев даңғылы Атырау қаласының орталық көшелерінің жүйесіне кіреді және тұрғын үй, өнеркәсіптік аудандар мен қала орталығын байланыстыратын жалпықалалық маңыздағы магистарльды көше болып табылады».
Дайындаған Тамара СУХОМЛИНОВА