22 қарашада республикалық «Қыс-2013» командалық-штабтық оқу-жаттығу кезінде «Медициналық апаттар орталығы» ММ облыстық филиалын жарақтау үшін таяуда алынған екі «Хендай» реанимобилінің тұсауы кесілді.
Көліктер қуаттылығы 126,5 ат күші болатын дизельді двигательмен жарақталған және 5-7 зардап шегушіні, соның ішінде зембілдегі 4 зардап шегушіні тасымалдауға мүмкіндік береді. Майысқан көліктерден зардап шегушілерді шығарып алу үшін гидравликалық қайшылармен, кескілермен, домкратпен және басқа жабдықтармен, ұялы байланыс аймағынан тыс жерде жұмыс жасайтын спутниктік телефонмен, GPS навигациялық аспаппен, ультрақысқа толқын жиілігіндегі цифрлық радиостансамен жарақталған. Медициналық жабдықтардан - өкпелерді жасанды ауамен тыныстандыратын екі портативті аспап, жүрек тоқтаған кезде қолданылатын электроимпульсті терапияға арналған портативті аппарат, электрокардиограф, тамыр ішіне құюға арналған құралдар, сыну кезінде қолданылатын таңғыш қалақ жиынтығы, қан кетуді тоқтатуға арналған дәрі-дәрмектер мен құралдары бар медициналық шабадан бар.
Бұдан басқа, оқу-жаттығуда қатысушыларға «Медициналық апаттар орталығы» ММ жарақтауына түскен Еurocopter EC-145 құтқарушы тікұшағы таныстырылды. Бұл ұшу аппараты кез-келген ауа-райында аспанға көтеріледі, ұшу қашықтығы 500-700 шақырым, салонға төрт адам сыяды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті облыстық ТЖД баспасөз қызметі ұсынды