23 қарашада «Атырау» футбол клубының қосалқы құрамының 20 жасар жартылай қорғаушысы Мақсат ОТАРБАЕВ Сәтпаев даңғылы бойындағы «Өнерпаз» тұрмыстық үйінің маңында болған автокөлік апатынан бірнеше сағаттан кейін ауруханада көз жұмды.
«Атырау» ФК-ның қосалқы құрамының аға жаттықтырушысы Тимур ҮКІБАЕВ былай дейді:
- Мақсат көңілді жігіт болатын, ол командамыздың көркі бола білді. Аяқталған футбол маусымында ол 5 гол соқты. Ойында қалай болса, өмірде де солай болды – көңілді, ақкөңіл, қашан да көмектесуге дайын тұратын. Оның футболдан болашағы керемет еді...
М. Отарбаев футболмен шұғылдануды 2002 жылы «Атырау» ФК-ның дайындық тобында бастаған-ды. Ол - Қазақстанның күміс жүлдегері, көптеген халықаралық және республикалық турнирлердің жеңімпазы.
Бүгін, 27 қарашада М. Отарбаев қаза болған ЖКО туралы ІІД-нің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВА келесідей ақпарат берді:
- Апат 23 қарашаға қараған түні сағат 03.49-да болды. «Опел-Вектра» автокөлігінің 20 жасар жүргізушісі (М. Отарбаев) Тула көшесі жағынан Сәтпаев даңғылына бас жолда келе жатқан 23 жасар Атырау қ. тұрғыны басқарған «Тойота Ланд Крузер» автокөлігіне жол берместен шығып қалған. ЖКО нәтижесінде «Опель» жүргізушісі ауруханада көз жұмып, екі жолаушысы ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ «Тойота» жолаушысына да медициналық көмек көрсетілді. Наркологиялық диспансер дәрігерінің қорытындысы бойынша «Тойота» жүргізушісі сау болған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті «Атырау» ФК ұсынды