Атырау, 26 қараша 13:33
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

№1 бекетті еске аламыз

3 445 просмотра

20 қарашада «Нұр Отан» партиясының Атырау қалалық филиалының саяси бюросында қолданыстағы 27 партиялық бақылау бекетінің 12-і жойылды. Қысқартылған бекеттер негізінен денсаулық сақтау саласында жұмыс жасаған. Қалған 14 бекет әкімшілік полиция басқармасына, салық комитетіне, облыстық аурухана мен қалалық ТКШ бөлімдеріне (тұрғын үй беру және терможаңғырту бағдарламаларымен айналысатын бөлімшелерге) бақылау жасайды. Бұл туралы партияның қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қанат ӘЗМҰХАНОВ хабарлады.

Бұл жерде Атырау қаласындағы бірінші және ең белсенді жұмыс жасаған бекетті еске алып өткен жөн болар. Үстіміздегі жылдың 14 ақпанында пилоттық жоба - балық қорғау инспекциясының, су полициясы мен бекіре өсіру зауыттарының жұмысына партиялық бақылау жасайтын бекет ашылды. Басшысы болып балық қорғау инспекциясының бұрынғы қызметкері Бауыржан БИМУРЗИН тағайындалды. Бекет өзеннің төменгі сағасындағы 22 балық нысанына бақылау жасау керек болды. Бастапқыда «нұротандықтардың» әріптестікке шақырған ұсыныстарынан балық қорғау инспекциясының басшылығы бас тартты. Бекет жеке дара өз жұмысын бастады.

Наурыз айының басында партиялық бақылау бекеті мүшелері балық қорғау инспекциясы Дамбы бөлімінің алдынан еш кедергісіз өтіп жатқан балыққа толы мотоциклдерді бейне таспаға түсіріп алды.

Қ. Әзмұхановтың алдында филиал басшысы болған Серік БАЙМҰҚАШЕВ сол кезде оған бекет басшылығынан тіміскіленген Бимурзинді алып тастауды ұсынып, талай телефон шалынғанын мойындады. Ол алудан бас тартты. Ал наурыз айының аяғында табиғат қорғау прокуратурасы «Нұр Отан» партиялық бақылау бекеті жасаған бейне жазбаға көңіл аударды. Облыстық ІІД бастығы мен балық қорғау инспекциясы басшысының атына заңсыздықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Кейінірек балық қорғау инспекциясы «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалымен бірлескен жұмыс жоспарына қол қойды. «Бұл біз Астанаға мәлімдеме жасағаннан кейін ғана болды, - дейді Бимурзин. – Қазір бәрі жақсы, жұмыс жасап жатырмыз».

23 наурыз күні кешке «Нұр Отан» партиялық бақылау бекетінің өкілдері қаржы полициясымен бірлесе отырып, балық кооперативтері бірінің аумағына рейд жасауға қатысты.

Балықшылар «Нұр Отан» ХДП-ның төрағасы Бауыржан БӘЙБЕККЕ, «Нұр Отан» ХДП-ның Атырау облыстық филиалының төрағасы Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВКЕ және облыстық прокуратураға хат жазды. Балық қорғау инспекциясы кооператив балық аулау ережесін де, суда жүру режимін де бұзған жоқ деп мәлімдеді.

8 мамырда «Нұр Отан» партиялық бақылау бекеті жабылды. С. Баймұқашевтың айтуынша, оған облыстық филиалдан телефон соғып, пилоттық жоба аяқталғанын айтқан.

Үстіміздегі жылдың 18 мамырында Атыраудағы партиялық бақылау бекетінің жабылуы туралы брифинг болып өтті. Оны «Нұр Отанның» партиялық бақылау комитетінің төрағасы Боран РАХЫМБЕКОВ жүргізді. Ол өз сөзінде былай деді: «Атырау облысында партиялық бақылау бекетін жасау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды... Барлығы 16 біріккен рейдтер жүргізіліп, қорытындылары бойынша 8 материал құқық қорғау органдарына жіберілді... Бұл акция өңір халқының қолдауына және жақсы бағалауына ие болды. Болашақта партия осы жақсы тәжірибені пайдалана отырып, бұл бағыттағы өз жұмыстарын жалғастыра береді».

Міне, енді тағы 12 бекетті жапты. Б. Рахымбеков, С. Баймұқашев отставкаға жіберілді.

Біз №1 партиялық бақылау бекетінің бұрынғы басшысы Б. Бимурзинге телефон шалдық. Ол балық саласындағы партиялық бақылау бекетін кері ашса, жұмыс жасауға дайын екенін айтты. Бірақ кері ашыла қояр ма екен?

««Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының басшысы ретінде Бақтықожа Ізмұхамбетов қандай партиялық бақылау бекетін қысқарту керек, қайсысын ашу керектігін өзі шешеді. Біздің балық саласындағы бекетімізді кері ашу соның қолында», - дейді Бимурзин.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 қараша 2013, 11:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.