Жуырда Атырау және қала маңындағы елдімекендер тұрғындары теледидарды жақсы сапада, еш кедергісіз әрі тегін көре алатын болады. Жыл аяғына дейін еліміздің бүкіл облыс орталықтарында, соның ішінде Атырауда сандық теледидар іске қосылмақ.
Бұл туралы бізге «Қазтелерадио» АҚ филиалының Атырау ОТД директоры Дархан ХҰСЫНОВ хабарлады. Сандық теледидардың енгізілуі бұрын әрі кеткенде бір-екі телеарнаны көретін облыстың ең шалғайдағы және халқы аз елді мекендерінің тұрғындарына жаңа сапада, еш кедергісіз 15 арнаға дейін, ал облыс орталығында – 30 арнаға дейін көруге мүмкіндік береді. Ол үшін 18 радиотелестанса жаңартылады, қазір орталық РТС-ті тестілеу жүргізілуде. Атырау қаласында және оның маңындағы елді мекендерді желтоқсанда сандық эфирлік теледидарға ресми түрде іске қосу жоспарланып отыр. Жүйе толықтай іске қосылған уақытта, Атырау облысының барлық тұрғындары сандық теледидарды қабылдай алады.
Кешікпей облыста сандық теледидар пайда болатындығы туралы хабарланғаннан кейін редакцияға ескі үлгідегі теледидарлар сигналды қабылдай ала ма деген сұрақтар түсе бастаған еді («АЖ», №28, 11.06.13 ж., «Ел сандық эфирге көшуде»). Хұсынов мырзаның айтуынша, егер теледидар DVBT2 сандық стандартын көрсететін болса, кредиттік картаның көлеміндей, күйге келтірілетін «Сам-модуль» тюнерін пайдалануға болады. Қалған теледидар аппараттарына сандық эфирлік қабылдағыш – ресивер қосу керек болады. Сандық сигналдың сенімді қабылдау аймағынан тыс жердегі шалғай елді мекендердің тұрғындарына OTAU-TV ұлттық спутниктік теледидарға қосылу мүмкіндігі бар. Оның сигналы Қазақстан аумағын 100 пайыз қамтиды. Бүгінде OTAU TV-ға Атырау облысынан 33 648 отбасы қосылған, оның 84%-ы аудандардың еншісінде.
Зульфия ИСКАЛИЕВА