Көрнекі сурет22 және 28 қараша аралығында Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің «Жайық» спорт кешенінде бокстан Қазақстан чемпионаты өтеді.
Чемпионатқа еліміздің барлық облыстарынан 187 былғары қолғап шеберлері келді. Жарыс басталар қарсаңында бапкерлер кеңесі өтті.
Қазақстан бокс федерациясының үйлестірушісі Берік МАРЖЫҚБАЕВ:
- Атыраудың осы чемпионатты өткізуге рұқсат алуы кездейсоқ емес. Мұнда балалар боксы жақсы дамып, спорт залдары салынып, секциялар ашылуда. Енді 3-4 жылда осы жерден ұлттық құрамаға өкілдер шығатынына сенімдімін.
ҚР чемпионатының супервайзері (бас төреші) Асылан ИГУБАЕВ:
- Чемпионат жеті күнге созылады. Боксшыларға демалу күні берілмейді. Финал 28 қарашада сағат 14.00-де басталады. Айқастар AIBA ережелері бойынша – шлемсіз, үш минуттық үш раундта өткізіледі.
Спортшыға үш бапкер (секундант) қызмет көрсете алады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали АЙТЖАНОВ:
- Алматыда өткен әлем чемпионатында боксшыларымыз сегіз медальға қол жеткізді: «Алтын» - Біржан ЖАҚЫПОВ (49 келіге дейін), Мерей АҚШАЛОВ (64 келіге дейін), Данияр ЕЛЕУСІНОВ (69 келіге дейін) және Жәнібек АЛІМХАНҰЛЫ (75 келіге дейін), «күміс» – Аділбек Ниязымбетов (81 келіге дейін) және Иван ДЫЧКО (ауыр салмақ), «қола» – Қайрат ЕРАЛИЕВ (56 келі) және Берік ӘБДІРАХМАНОВ (60 келі). Олар құрамада өз шеберліктерін дәлелдеді. Ал қалғандары қазір дәлелдеуі керек. Жаңа команда құрылатын болады. Біз ересектер құрамына жаңадан қосылған 1994-95 ж.т. жастар арасындағы әлем және Азия чемпионаттарының қатысушыларын қарайтын боламыз. Сонымен қатар, 23-25 қараша күндері 12-ден 14 сағат аралығында «Жайық» спорт кешенінде 3 күндік бапкерлер семнары өтетінін айта кетейін. Барлық бапкерлердің, әсіресе жергілікті жаттықтырушылардың қатысуын сұраймыз.
ҚР ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Нұрғали САФИУЛЛИННІҢ айтуынша, енді Қазақстан құрамасына 30 спортшы алынады. Сегіз адам әлем чемпионатында «жүлделі» нәтиже көрсетті, енді 22 адам таңдау ғана қалып тұр. Қазақстан чемпионатында бапкерлер осымен айналысатын болады.
Біз Атырау облыстық бокс федерациясының аға жаттықтырушысы Қанат ОРАҚБАЕВТАН чемпионатта облыс намысын қорғайтын боксшылардың тізімімен таныстыруды сұрадық:
- 49 келіге дейін – Рашид САЛАУАТОВ, 52 келіге дейін – Алмас ШЫНТЕМІРҰЛЫ, 56 келіге дейін – Ержан ОРДАБАЕВ, 60 келіге дейін – Сапарғали ТОҒЫЗБАЕВ, 64 келіге дейін – Азамат ДОСМАҒАМБЕТОВ, 69 келіге дейін – Жасұлан ҚАПАРОВ және Вагиф АЛІБЕКОВ, 81 келіге дейін – Тоқтар ОСПАН, 91 келіге дейін – Рахман ӘЛЖАНОВ және Нұрлан НҰРСЕИТОВ.
Біздің 75 келіге дейін және 91 келіден жоғары салмақта өкілдеріміздің жоқ болуына байланысты, бізге екі салмақта екі спортшы қатыстыруымызға рұқсат берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ