Атырау, 27 қараша 11:15
 дождьВ Атырау +0.5
$ 458.85
€ 503.50
₽ 5.59

Жастарға шабыт: Елена Рыбакина Алматыда шеберлік сабағы өткізеді

70 рет қаралды
Фото: Қазақстан теннис федерациясы
Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина кәсіби мансабындағы ең табысты маусымнан кейін Алматыға оралды. Отандық теннис тарихында алғаш рет спортшы жылды әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесінде аяқтап, төрт титулды, оның ішінде «Үлкен дулыға» санатындағы екі турнирдің жеңімпаздығын иеленді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.

Алматы халықаралық әуежайында спортшыны қазақы қонақжайлылық дәстүріне сай салтанатты түрде қарсы алды. Рыбакинаны айтулы жетістіктерімен құттықтауға жас теннисшілер, спорт қауымдастығының өкілдері мен теннис жанкүйерлері келді.

Бір жылда «Үлкен дулыға» санатындағы екі титул

2026 жылғы маусым Елена Рыбакина үшін тарихи кезең болды. Қазақстандық теннисші төрт турнирде жеңіске жетті, оның екеуі «Үлкен дулыға» санатына жатады.

Қаңтар айында ол Australian Open турнирінде жеңімпаз атанса, қыркүйекте мансабында алғаш рет US Open чемпиондық атағын иеленді.

Бір қызығы, екі финалда да Рыбакина сол кезде әлемдегі ең мықты спортшылардың қатарында болған Беларусь теннисшісі Арина Соболенконы жеңді.

Бұдан бөлек, қазақстандық теннисші Германияның Штутгарт қаласы мен Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 турнирлерінде топ жарды. Сондай-ақ Индиан-Уэллс пен Торонтода өткен беделді WTA 1000 жарыстарының финалына дейін жетті.

Маусым қорытындысы бойынша Рыбакина 54 жеңіске қол жеткізді.

Әлемдік теннистің шыңына шыққан алғашқы қазақстандық

2026 жылғы 14 қыркүйекте Елена Рыбакина алғаш рет Әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) әлемдік рейтингінде көш бастады.

Одан кейін ол маусым аяқталғанға дейін көшбасшылық орнын сақтап қалды.

Осылайша, Рыбакина әйелдер арасындағы жекелей сында күнтізбелік жылды әлемдік рейтингтің бірінші сатысында аяқтаған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.

Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, ол WTA тарихында маусымды әлемнің бірінші ракеткасы мәртебесінде аяқтаған 17-теннисші болды.

Рыбакина жас теннисшілерге шеберлік сабағын өткізеді

Қазақстанда болған кезінде спортшы жас теннисшілермен де кездесуді жоспарлап отыр.

Теннис федерациясының хабарлауынша, Рыбакина шеберлік сабағын өткізіп, кәсіби тәжірибесімен бөліседі және жас спортшылармен әңгімелеседі.

Ұйымдастырушылар қазақстандық теннисшінің жетістіктері балалар мен жасөспірімдер спортының дамуы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Бүгін, 09:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.