Қырғыз парламентінің бұрынғы төрағасы Ахматбек Келдібеков қамауға алынды.
Жоғарғы кеңестің бұрынғы басшысына жемқорлыққа қатысты Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3 бабы бойынша айып тағылды. Ол жақында қамауға алынған болатын, олұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторына жабылды.Қырғыз Республикасының бас прокуратурасы парламенттің бұрынғы төрағасына қатысты жемқорлық және лауазымын асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлады. Ахметбек Келдібеков республикалық зейнеткерлік қоры, мемлекеттік салық қызметі мен Жоғары кеңес спикері лауазымын атқару барысында қылмысқа жол бергендігі анықталды. Шығын сомасы 700 мың АҚШ долларын құрады.
Жеңіс Сейітов, Қырғыз Республикасы прокуратурасының бас тергеушісі:
- Ол әлеуметтік қордың басшысы бола тұра 24 миллион сомды жымқырған. Жоғары кеңестің басшысы лауазымында тоғыз миллион сом қолды қылды. 48 сағаттан кейін оған айып тағылып, сот жазалау шарасын тағайындайды.
Тергеу нәтижесі Ахметбек Келдібеков 2005 жылы мемлекет қаржысын жеке азаматтарға ашылған сақтандыру шоттарының көшірмесін жасауға жұмсағандығы анықталды. Сондай-ақ бас прокуратура оны халықаралық парламенттік мекемелерде Жоғары кеңестің арнайы өкілі деген лауазымды заңсыз ашқанын анықтаған. Суыт хабарды естіген Ахметбек Келдібековтың жерлестері парламент алдына жиналды.
Ақылай Белекбаева, депутаттың жақтаушысы:
- Бішкекте күн суық, Ахметбектің жақтастары көшеге шықпайды деген болар. Біз жылы киініп шықтық. Кеше Қырғызстанның оңтүстік аймағы Алайс ауданынан жерлесімізді қолдау үшін келдік. Біз Ахметбек Келдібековті қайткенде де босатуды талап етеміз.
Соңғы уақытта Ахметбек Келдібеков парламенттің бюджет және қаржы комитетін басқарған. Ол Жоғары кеңестегі «Ата жұрт» оппозициялық фракциясының мүшесі. Ел заңы халық қалаулыларын ерекше қорғайды. Сондықтан оларды темір торға қамау үшін парламенттің рұқсаты керек. Алайда депутаттар ауыр қылмыс жасаған жағдайда заң парламенттің келісімінсіз қылмыскерді қамауға рұқсат береді.
Дереккөз: 24.kz