
Атырауда Сәтбаев даңғылындағы жолдың үстімен өтетін жаяу жүргіншілер өткелі егде жастағы адамдар мен баласын арбамен таситын ата-аналар үшін қиындық туғызып тұр. Жолдан өту үшін олар баспалдақпен көтерілуге мәжбүр.
Әлеуметтік желіде кезекті шағым жарияланды.
«Қаныш Сәтбаев даңғылындағы жаяу жүргіншілер көпірінде лифт істемей тұр. Қарт кісілерге жоғары көтерілу өте қиын. Неге келіп тексермейсіздер?» — деп сұрайды жазбаның авторы қала билігінен.
Бұл өткелдегі лифттерге қатысты мәселе 2020 жылдың қазан айында нысан пайдалануға берілген сәттен бері созылып келеді. Ол кезде жабдық әлі қосылмаған еді. 2021 жылдың сәуірінде тұрғындар лифтті тек арнайы магнитті кілт болған жағдайда ғана пайдалануға болатынын анықтады.
2025 жылдың сәуір айында «Ақ Жайық» өткелдің екі жағындағы лифттің істен шыққанын жазған болатын. Ол кезде қала әкімдігі қажетті қосалқы бөлшектерге тапсырыс берілгенін және жабдық жақында іске қосылатынын хабарлаған еді. Алайда қазан айында қала тұрғындары бірнеше ай бойы созылған ақауға қайтадан шағымданды.
2026 жылы бұл мәселені қоғамдық кеңес мүшелері көтерді. Ол кезде лифттердің бірінің тоқтап қалуына арқанның (тростың) үзілуі себеп болғаны айтылды.
Енді тұрғындар әкімдіктен жабдықтың қашан ретке келтірілетінін және оған техникалық қызмет көрсетуге кім жауапты екенін қайта сұрап отыр.
Өткелдің пайдаланылғанына алты жыл болса да, лифт баспалдақпен көтерілуі қиын азаматтар үшін осы даңғылдан өтудің сенімді тәсіліне айнала алмады. Біреулер кезекті жөндеуді күтіп жүргенде, енді біреулеріне тек өз күшіне сенуден басқа амал қалмай отыр.
Абзал ҚАЙРАТҰЛЫ
В Атырау +6.1