Атырау, 23 қараша 14:15
 дождьВ Атырау +6.1
$ 455.00
€ 498.77
₽ 5.56

Алып кемелердің экологиялық жолы: Теңіз отынын үнемдеу жолдары

42 рет қаралды
Фото Wilsca / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0.
Фото Wilsca / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0.

Халықаралық теңіз ұйымы (ХТҰ) кемелерден шығатын зиянды шығарындыларды қысқарту жөніндегі келіссөздерге қайта оралып жатыр. Елдер ортақ ережелерді талқылап жатқанда, тасымалдаушылар отын шығынын азайту жолдарын іздестіруде, деп жазады Euronews.

Басылымның мәліметінше, талқылаулар 23 қараша мен 4 желтоқсан аралығында өтеді деп жоспарланған. ХТҰ жобасында кеме отынынан бөлінетін шығарындыларға қатысты бірыңғай стандарт енгізу көзделген. Егер ережелер қабылданса, белгіленген көрсеткіштерден асып кеткені үшін ақы төлеуге тура келеді. Ал шығарындылары өте төмен отынды пайдаланатын кеме иелері қаржылай ынталандыруға ие бола алады.

Материал авторының атап өтуінше, құжатты 2025 жылғы қазанда қабылдау жоспарланған болатын. Алайда Дональд Трамп әкімшілігі жобаны қолдайтын елдерге баж салығын енгіземіз деп қорқытқаннан кейін шешім бір жылға кейінге шегерілді.

Future Cleantech Architects ұйымының сарапшысы Полин Леруа бағалауынша, заманауи желкенді қондырғылар кеменің қозғалтқышына түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі. Жел қолайлы болған жағдайда олар теңіз миліне шаққандағы шығарындыларды 30 пайызға дейін қысқарта алады. Леруа түсіндіргендей, контейнер тасымалдайтын кемелерге мұндай қондырғыларды орнату жүк контейнерлерінің биік қатарларына байланысты қиынырақ. Оның пікірінше, бұл кемелер үшін отын үнемдеудің қолжетімді тәсілдерінің бірі – қозғалыс жылдамдығын төмендету. Егер контейнер тасымалдаушы кеме 10 пайызға баяу жүрсе, отын шығыны 20 пайызға дейін азаюы мүмкін.

Жарияланымда қысқа бағыттар үшін аккумуляторлары бар ауыстырмалы контейнерлерді пайдалану мүмкіндігі де қарастырылып жатқаны айтылған. Портта тұрақтаған кезде қуаты таусылған батареяларды зарядталған батареяларға ауыстыруға болады.

Ал ұзақ қашықтыққа қатынайтын кемелер үшін басылым жаңартылатын энергия көздерін пайдалану арқылы өндірілетін синтетикалық метанолды нұсқалардың бірі ретінде атайды. Леруаның айтуынша, мұндай отынға көшу үшін кеме иелеріне отын жеткізіліміне кепілдік қажет, өндірушілерге тұрақты сатып алушылар керек, ал порттар кемелерге жанармай құюға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс.

Бүгін, 13:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.