Атырау, 23 қараша 11:58
 дождьВ Атырау +2.6
$ 455.00
€ 498.77
₽ 5.56

Бюджеттен 82 млн теңге жымқырған Ақтөбе облысының үш бухгалтері сотталды

64 рет қаралды
СhatGPT көмегімен жасалған сурет
СhatGPT көмегімен жасалған сурет

Ақтөбе облысында мемлекеттік мектептің үш бухгалтеріне қатысты бюджеттен 82 млн теңгеден астам қаржы жымқыру ісі бойынша сот үкімі заңды күшіне енді. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.

Заңбұзушылықтар Шалқар ауданы прокуратурасы жүргізген бюджет қаражатының жұмсалу заңдылығын тексеру барысында анықталған.

Алаяқтық схема қалай жұмыс істеген?

Тергеу мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында «№5 мектеп-лицей» КММ-нің бас бухгалтері екі әріптесімен бірге оқу орны қызметкерлеріне жүйелі түрде жалақыны артық есептеп отырған. Қаржылық операцияларды жүргізу үшін бухгалтерлер мектеп директорының электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдаланған.

Нақты жалақы мен есептелген соманың арасындағы айырманы қызметкерлер қолма-қол ақшаға айналдырып, бухгалтерлерге қайтарып отырған. Осылайша үш жыл ішінде бюджеттен 82 млн теңгеден астам қаржы шығарылған.

Сот шешімі

Қаражатты жымқыру дерегі бойынша аудан прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденіп алу немесе талан-таражға салу») қылмыстық іс тіркеді.

Шалқар аудандық соты үш айыпталушының барлығын кінәлі деп таныды:

  • бас бухгалтерге 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды;

  • қалған екі бухгалтердің әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сотталғандардың барлығына 10 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды. Алайда сотталушылардың кәмелетке толмаған балалары болуына байланысты жазаны өтеу кейінге қалдырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бүгін, 11:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.