
2026 жылғы 29 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауда Атырау облысы Исатай аудандық мәслихатының 11 депутаттық мандатына 33 кандидат таласады. Олардың қатарында «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы, «Атырау Жарық» және QazaqGaz Aimaq қызметкерлері, дәрігер, мұғалім, кәсіпкер мен коммуналдық кәсіпорын басшылары бар. «Ақ Жайық» кандидаттарды тіркеу және ұсыну туралы ресми құжаттарды зерделеп, олардың жасын, жұмыс және тұрғылықты жерлерін, сондай-ақ қай партиядан екенін талдады.
Округтік сайлау комиссияларының 1 қарашадағы жағдай бойынша хабарламасына сәйкес, Исатай ауданында 11 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша 33 кандидат тіркелген. Осылайша, әрбір депутаттық мандатқа үш үміткерден таласады.
Партиялық құрамды талдау үшін біз 27 қазандағы жағдай бойынша кандидаттарды ұсыну қорытындысы туралы жеке құжатты да зерттедік. Онда тіркеу туралы хабарламадан айырмашылығы, үміткерлердің қандай саяси партиялардан ұсынылғаны және сайлауға кімдердің өз бетінше қатысатыны көрсетілген.
Екі құжатты салыстырғанда, ұсынылған барлық 33 кандидаттың тіркелгендердің тізіміне енгенін көрсетті.
Партиялық құрам: әр округте өзін-өзі ұсынған үміткерлер бар
Исатай аудандық мәслихатының сайлауына үш саяси партияның өкілдері және өзін-өзі ұсынған кандидаттар қатысады. Кандидаттардың бөлінуі мынадай:

Осылайша, 22 кандидатты (66,7%) саяси партиялар ұсынған, тағы 11 адам (33,3%) сайлауға өз бетінше қатысады.
Партиялар арасында «Әділет» өкілдігі ең жоғары — тоғыз кандидат. Оның өкілдері №1, 3, 4, 5, 6, 7, 9, 10 және 11 округтерде тіркелген.
«Ауыл» партиясы жеті округте — №1, 2, 3, 4, 7, 8 және 9 округтерде ұсынылған.
«Ақ жол» партиясынан алты адам — №2, 5, 6, 8, 10 және 11 округтерде бақ сынайды.
Барлық 11 округте өзін-өзі ұсынған бір-бір үміткерден тіркелгеніне назар аударуға болады. Демек, әр округте сайлаушылар саяси партиялардан түскен екі кандидат пен бір тәуелсіз үміткердің арасынан таңдау жасайды.
№5 округ ерекше назар аудартады. Мұнда «Әділет» партиясынан оның Исатай аудандық филиалының төрағасы, 1984 жылы туған Бақытгүл Сапарғожиева түседі. Оның қарсыластары — «Ақ жол» партиясы ұсынған Исатай газ шаруашылығының шебері Нұрбол Бердешов және өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысатын аудандық Отбасын қолдау орталығының маманы Данабек Бапанов.
Кандидаттардың жасы: 25 пен 60 жас аралығында
Үміткерлердің жас құрамы әртүрлі.
Ең жас кандидат — 2001 жылы туған Нұргүл Шеруенова. Ол Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясында дәрігер-терапевт болып жұмыс істейді және №6 округ бойынша «Ақ жол» партиясынан түседі. 2026 жылы ол 25 жасқа толады.
Ең жасы үлкен кандидат — 1966 жылы туған, «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы Жасұлан Берқалиев. Ол №3 округте «Әділет» партиясының атынан қатысады. Биыл ол 60 жасқа толады.
Туған жылдары бойынша есептелген кандидаттардың орташа жасы шамамен 41 жасты құрайды. Жас құрылымы мынадай:

Ең көп санды жас тобы — 30 бен 39 жас аралығындағы кандидаттар. Олар 13 адам. Тағы тоғыз үміткер 40–49 жас санатына жатады. Осылайша, 33 кандидаттың 22-сі (66,7%) — 30 бен 49 жас аралығындағы азаматтар.
Сонымен қатар төрт кандидат әлі 30 жасқа толмаған, ал жеті адам 50 жасқа және одан асқан жасқа жеткен.
Кандидаттардың ішінде әйелдер саны үштен бір бөлігін құрайды
Тіркелген 33 кандидаттың 22-сі — ер адам, 11-і — әйел. Яғни үміткерлердің 66,7%-ы — ерлер, 33,3%-ы — әйелдер.
Әйелдер 11 округтің тоғызында сайлауға қатысады. Әсіресе екі әйелден тіркелген №6 және №7 округтер ерекшеленеді.
№6 округте депутаттық орынға Исатай аудандық ауруханасы директорының орынбасары Назым Ыдырысова («Әділет»), дәрігер-терапевт Нұргүл Шеруенова («Ақ жол») және «Таза Исатай» коммуналдық кәсіпорны бастығының орынбасары Нұрберген Қабдығалиев (өзін-өзі ұсыну) таласады.
№7 округте «Барыс» балалар-жасөспірімдер клубы директорының міндетін атқарушы Бекзада Меңдекенова (өзін-өзі ұсыну), «Қарлығаш» балабақшасының тәрбиешісі Гүлмира Мағданова («Ауыл») және Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асхат Жұмабеков («Әділет») қатысады.
Ал №1 және №9 округтерде тіркелген кандидаттар арасында әйелдер жоқ.
Мұнайшылар және коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері
Кандидаттардың кәсіби құрамы әртүрлі. Тізімде мұнай-газ кәсіпорындарының, мемлекеттік және коммуналдық мекемелердің қызметкерлері, білім беру, денсаулық сақтау салаларының мамандары және кәсіпкерлер бар.
«Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшы қызметкерлері де үміткерлер қататында көп.
Мәселен, №3 округ бойынша «Әділет» партиясынан 1966 жылы туған, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ бастығы Жасұлан Берқалиев түседі.
Оның қарсыластары — «Табиғат» коммуналдық кәсіпорнының маманы Халиахмет Арыстанов (өзін-өзі ұсыну) және «Өркен» орта мектебінің мұғалімі Ақтілек Бурашева («Ауыл»).
«Жайықмұнайгаздан» тағы бір өкіл — 1985 жылы туған, МГӨБ өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Сәкен Шарапиден. Ол №9 округ бойынша «Әділет» партиясынан сайлауға түседі.
Осылайша, бір мұнай-газ өндіру басқармасының екі басшы қызметкері әртүрлі округтерден депутаттық мандат алуға ниетті.
Кандидаттар арасында газбен жабдықтау ұйымдарының қызметкерлері де бар. №5 округ бойынша «Ақ жол» партиясынан 1994 жылы туған, «QazaqGaz Aimaq» АҚ Исатай газ шаруашылығының шебері Нұрбол Бердешов ұсынылды. №9 округте «Ауыл» партиясынан 1980 жылы туған, Исатай газ шаруашылығының слесарі Нұрберген Бозахаев қатысады.
«Атырау Жарық» қызметкерлерінің екеуі бір округте тіркелген
№11 сайлау округінде ерекше жағдай қалыптасты. Мұнда бір депутаттық мандатқа «Атырау Жарық» ЖШС-нің бірден екі қызметкері таласады.
1981 жылы туған Заря Қанашева электр энергиясын сатудың Исатай аудандық учаскесін басқарады. Ол сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысады. Оның қарсыласы — сол кәсіпорынның 1991 жылы туған монтері Айболат Батырбаев. Ол «Әділет» партиясының атынан түседі. Осы округ бойынша үшінші кандидат — «Ақ жол» партиясы ұсынған, 1988 жылы туған, Исатай орта мектебінің мұғалімі Нұрлан Кисимов.
Осылайша, бір кәсіпорында әртүрлі лауазым атқаратын қызметкерлер аудандық мәслихаттағы орын үшін өзара бәсекелеседі.
Сайлауға коммуналдық кәсіпорындардың басшылары қатысады
Кандидаттар арасында ауданның коммуналдық шаруашылығына жауапты ұйымдардың басшылары да бар.
№1 округ бойынша өзін-өзі ұсыну тәртібімен 1988 жылы туған, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК Исатай ауданы бойынша қызметінің бастығы Артур Кибашев түседі.
№8 округте «Ақ жол» партиясынан 1988 жылы туған, «Таза Исатай» коммуналдық кәсіпорнының басшысы Азамат Жүнісов қатысады.
№6 округте оның әріптесі — өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысатын, 1994 жылы туған, «Таза Исатай» кәсіпорны бастығының орынбасары Нұрберген Қабдығалиев тіркелген.
Осылайша, аудандық мәслихатқа бір коммуналдық кәсіпорын басшылығының бірден екі өкілі сайланбақ.
Мұғалімдер, дәрігерлер және білім беру саласының қызметкерлері
Кандидаттардың елеулі бөлігін білім беру, мектепке дейінгі тәрбие, мәдениет және спорт өкілдері құрайды. Барлығы 33 кандидаттың 11-і білім беру мекемелерінде, балабақшаларда, спорт және музыка мектептерінде, сондай-ақ аудандық білім бөлімінде жұмыс істейді.
Олардың қатарында мұғалімдер Азамат Құрманғалиев, Бибігүл Төлеуова, Ақтілек Бурашева, Алтынбек Махамбетов және Нұрлан Кисимов бар.
Сайлауға Исатай аудандық білім бөлімінің екі әдіскері де қатысады — Айбарша Губашева (№4 округ) және Райгүл Нұрсұлтанова (№10 округ). Екеуі де өз кандидатураларын өз бетінше ұсынған.
Денсаулық сақтау саласы да қамтылған.
Дәрігер-терапевт Нұргүл Шеруеновадан бөлек, депутаттық орындарға 1968 жылы туған Исатай аудандық ауруханасы директорының орынбасары Назым Ыдырысова және сол аурухананың 1998 жылы туған дәрігері Бекет Нұхы таласпақ. Екеуі де «Әділет» партиясының атынан түседі, бірақ әртүрлі округтер — №6 және №10 округтер бойынша сайлауға қатысады.
Кәсіпкерлер, шаруа қожалығының иесі және жұмыссыз
Кандидаттар тізімінде шағын бизнес өкілдері де бар.
№1 округ бойынша бірден екі жеке кәсіпкер тіркелген — «Әділет» партиясының атынан түсетін, 1972 жылы туған Әнес Сидеғалиев және «Ауыл» партиясы ұсынған, 1994 жылы туған Алмас Ақметқали.
№8 округте «Ауыл» партиясынан 1984 жылы туған кәсіпкер Ақмарал Тахаева қатысады.
№2 округте депутаттық мандатқа «Жағипаров Ж» шаруа қожалығының фермері, 1973 жылы туған Қамбар Жағпаров таласады. Ол да «Ауыл» партиясынан ұсынылған.
Тізімде жұмыссыз кандидат та бар. Ол — Аққыстау ауылында тұратын, 1969 жылы туған Аманжол Рахметов. Ол №4 округ бойынша «Әділет» партиясынан түседі. Оның қарсыластары — аудандық білім бөлімінің әдіскері Айбарша Губашева (өзін-өзі ұсыну) және Исатай аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Асланбек Шарипов («Ауыл»).
Кандидаттардың жартысына жуығы Аққыстауда тұрады
Тұрғылықты жерлерін талдау тіркелген кандидаттар тізіміне сәйкес, 33 үміткердің 16-сы аудан орталығы — Аққыстау ауылында тұратынын көрсетеді. Бұл барлық кандидаттардың 48,5%-ы.
Қалғандары Атырау қаласынан шыққан бір кандидатты қоспағанда, ауданның басқа елді мекендерінде тұрады. Бөлініс мынадай:

Исатай ауданынан тыс жерде тұратын жалғыз кандидат — Атырау қаласында тіркелген «Таза Исатай» КМК басшысы Азамат Жүнісов екен. Ол №8 округ бойынша «Ақ жол» партиясынан түседі.
Сайлау округтері бойынша кандидаттардың толық тізімі
№1 округ
Алмас Ақметқали, 1994 ж. т. — «Алмас» жеке кәсіпкері, Х. Ерғалиев ауылының тұрғыны. «Ауыл» партиясы.
Артур Кибашев, 1988 ж. т. — «Атырау облысы Су Арнасы» КМК Исатай ауданы бойынша қызметінің бастығы, Аққыстау тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Әнес Сидеғалиев, 1972 ж. т. — жеке кәсіпкер, Х. Ерғалиев ауылының тұрғыны. «Әділет» партиясы.
№2 округ
Қамбар Жағпаров, 1973 ж. т. — «Жағипаров Ж» шаруа қожалығының фермері, Аққыстау тұрғыны. «Ауыл» партиясы.
Азамат Құрманғалиев, 1987 ж. т. — Ғ. Мәсәлімов атындағы орта мектептің бастапқы әскери дайындық мұғалімі, Х. Ерғалиев ауылының тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Бибігүл Төлеуова, 1968 ж. т. — Новобогат жалпы орта мектебінің мұғалімі, Х. Ерғалиев ауылының тұрғыны. «Ақ жол» партиясы.
№3 округ
Халиахмет Арыстанов, 1970 ж. т. — Исатай ауданының «Табиғат» КМК маманы, Х. Ерғалиев ауылының тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Жасұлан Берқалиев, 1966 ж. т. — «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының бастығы, Тұщықұдық тұрғыны. «Әділет» партиясы.
Ақтілек Бурашева, 1989 ж. т. — «Өркен» орта мектебінің мұғалімі, Аққыстау тұрғыны. «Ауыл» партиясы.
№4 округ
Айбарша Губашева, 1987 ж. т. — Исатай аудандық білім бөлімінің әдіскері, тіркеу деректері бойынша — Тұщықұдық тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Аманжол Рахметов, 1969 ж. т. — жұмыссыз, Аққыстау тұрғыны. «Әділет» партиясы.
Асланбек Шарипов, 1981 ж. т. — Исатай аудандық ветеринариялық станциясының басшысы, Тұщықұдық тұрғыны. «Ауыл» партиясы.
№5 округ
Данабек Бапанов, 1993 ж. т. — Исатай аудандық Отбасын қолдау орталығының маманы, Аққыстау тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Нұрбол Бердешов, 1994 ж. т. — «QazaqGaz Aimaq» АҚ Исатай газ шаруашылығының шебері, Аққыстау тұрғыны. «Ақ жол» партиясы.
Бақытгүл Сапарғожиева, 1984 ж. т. — «Әділет» партиясы Исатай аудандық филиалының төрағасы, Аққыстау тұрғыны. «Әділет» партиясы.
№6 округ
Назым Ыдырысова, 1968 ж. т. — Исатай аудандық ауруханасы директорының орынбасары, Аққыстау тұрғыны. «Әділет» партиясы.
Нұрберген Қабдығалиев, 1994 ж. т. — «Таза Исатай» коммуналдық кәсіпорны бастығының орынбасары, Аққыстау тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Нұргүл Шеруенова, 2001 ж. т. — Тұщықұдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігер-терапевті, Тұщықұдық тұрғыны. «Ақ жол» партиясы.
№7 округ
Асхат Жұмабеков, 1985 ж. т. — Исатай аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Аққыстау тұрғыны. «Әділет» партиясы.
Гүлмира Мағданова, 1980 ж. т. — «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі, Аққыстау тұрғыны. «Ауыл» партиясы.
Бекзада Меңдекенова, 1999 ж. т. — «Барыс» балалар-жасөспірімдер клубы директорының міндетін атқарушы, Х. Ерғалиев ауылының тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
№8 округ
Жасұлан Жұмаханов, 1996 ж. т. — Ш. Шәріпов атындағы балалар музыка мектебі директорының орынбасары, Аққыстау тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Азамат Жүнісов, 1988 ж. т. — «Таза Исатай» КМК басшысы, Атырау қаласының тұрғыны. «Ақ жол» партиясы.
Ақмарал Тахаева, 1984 ж. т. — «Ақжан» жеке кәсіпкері, Аққыстау тұрғыны. «Ауыл» партиясы.
№9 округ
Нұрберген Бозахаев, 1980 ж. т. — Исатай газ шаруашылығының слесарі, Нарын тұрғыны. «Ауыл» партиясы.
Нұрбол Қалидоллаев, 1989 ж. т. — Жанбай ауылдық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, Жанбай тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Сәкен Шарапиден, 1985 ж. т. — «Жайықмұнайгаз» МГӨБ өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы, Аққыстау тұрғыны. «Әділет» партиясы.
№10 округ
Алтынбек Махамбетов, 1997 ж. т. — Абай атындағы орта мектептің мұғалімі, Тұщықұдық тұрғыны. «Ақ жол» партиясы.
Райгүл Нұрсұлтанова, 1981 ж. т. — Исатай аудандық білім бөлімінің әдіскері, Аққыстау тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Бекет Нұхы, 1998 ж. т. — Исатай аудандық ауруханасының дәрігері, Жанбай тұрғыны. «Әділет» партиясы.
№11 округ
Айболат Батырбаев, 1991 ж. т. — «Атырау Жарық» ЖШС монтері, Зинеден тұрғыны. «Әділет» партиясы.
Заря Қанашева, 1981 ж. т. — «Атырау Жарық» ЖШС электр энергиясын сатудың Исатай аудандық учаскесінің басшысы, Аққыстау тұрғыны. Өзін-өзі ұсыну.
Нұрлан Кисимов, 1988 ж. т. — Исатай орта мектебінің мұғалімі, Зинеден тұрғыны. «Ақ жол» партиясы.
Жомарт ӘМІРХАНОВ
В Атырау +2.6