Облысқа танымал суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, профессор Отарбай КЕНДІР (суретте) Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде жастарға арналған шеберлік сабағын өткізді.
Сабаққа АМУ-дің бейнелеу өнері кафедрасының және Қ.Дүтбаева атындағы гуманитарлық колледж студенттері, мәдениет саласының қызметкерлері мен суретшілер қатысты.
Залдың ортасында мольбертке керілген ақ кенеп пен бояулар палитрасы тұр.
– Бүгін мен сіздерге соңғы уақытта көбірек көңіл бөліп жүрген кескіндеме түрінде сурет салып көрсетейін. Қазір күз мезгілі, 1-2 күн бұрын ғана Тұрғындар қалашығындағы саябаққа барып едім, сонда көрген күздің бейнесін түсіргім келеді, - деп ақ матаның бетіне алғашқы штрихтарды түсіре бастады суретші.
-Кейде менен жұмысыңызды қанша уақытта салып бітіресіз деп сұрап жатады. Мен мұндай сұрақ дұрыс қойылмаған деп санаймын. Себебі суретші суретін бірнеше минутта немесе бірнеше күнде, тіпті бірнеше ай салуы мүмкін. Суретші уақытпен санаспайды, суретші көңіл-күйіне бағынады. Бейнелеу өнері уақытпен санасатын спорт түрі емес қой...
...Кенеп беті түрлі түске толы бастады...
- Мен сурет салған кезде жалғыз болғанды қалаймын және жай классикалық музыканы тыңдағанды ұнатамын. Күйлерді де тыңдаймын, тек төкпе күйлер емес, шертпе күйлерді. Себебі музыканың өзі қиялыңа қанат бітіреді. Кей сабақтарда студенттерге де музыка қосып қоямын. Музыка адамға шабыт береді, - дейді суретші. Оның қолына қылқалам емес, мастихинді ұстауы бізге таңсық болып көрінді. Бұл майлы бояуларды араластыруға, бояу тақтасын тазалауға және кенепке қою бояуды жағуға арналған арнайы қалақша тәрізді құрал. Мастихин өзге құралдардан бояудың ерекшелігін жақсы көрсете алады және салынып жатқан бейненің түрлі көлемін нақты суреттей алады.
Отарбай мастихинмен салынған суреттің бояуы анық әрі айқын түсетінін, суретке өзгеше реңк беретінін айтып өтті. Көрермен ретінде залда отырған суретші Қамбарбек АМАНОВ мастихинмен сурет салу техникасы салыстырмалы түрде жаңадан пайда болғанын жеткізді. Бәлкім, Отарбай Кендірдің шеберлік сабағының жас суретшілердің қызығушылығын туғызғаны содан да болар.
...Суретші өз жұмысын аяқтады. Тұрғындар қалашығындағы саябақтағы күз жапырақтарының иісі шығып тұрды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор