Сирияның химиялық арсеналын кемеде немесе теңізде орналасқан бұрғылау қондырғысында жою ұсынылған. Бұл туралы Reuters есімін құпия қалдыруды қалаған америкалық шенеунікке сілтеме жасап хабарлады, деп жазады newtimes.kz. Бұл ақпаратты ресми түрде растайтын мәлімдеме жасалған жоқ.
Агенттік дереккөзінің айтуынша, мұндай ұсыныстар Сирияның химиялық қаруын жою бағдарламасын қадағалаушы Химиялық қаруға тыйым салу ұйымының өкілдері мен дипломаттардың талқылауы кезінде жасалған. Әлемдік теңіздің қай бөлігі сөз болғаны және мұндай ұсынысты кім жасағаны нақты хабарланбай отыр.
Сириядан тәркіленген химиялық қару қорын ескерсек, оны теңізде жоюдың салдары қандай болатынын айтып жеткізу мүмкін емес, деп жазады Reuters химиялық қарусыздандыру саласындағы сарапшыларға сілтеме жасай отырып.
Дереккөз: BNews.kz
20 қараша 2013, 10:43