Атырау, 25 сәуір 17:15
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

«Халифат сарбазына» 20 жыл берілді

2 021 просмотра

Бүгін, 19 қарашада Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Атырау қаласының 26 жастағы тұрғыны, экстремистік діни ағымды ұстанушы Орынбасар МҰНАТОВ қатаң режимдегі колонияда 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын алды.

Атырау облыстық сотының баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, алдын ала тергеу органдары Мұнатовты 2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жататын бірқатар қылмыстар жасады деп айыптаған еді. Процесс барысында сот қылмыстық істердің барлық материалдарымен жете танысып, куәлік жауаптар, сарапшылардың қорытындысы, айыптау және қорғау дәлелдері тыңдалды. Сот үкімімен Мұнатов ҚР ҚК-нің келесі баптарында қарастырылған қылмыстарды жасауда кінәлі деп танылды: 233-2-баптың 1-ші және 2-ші тармақтары («террористік топ құру, оған басшылық ету,   қызметіне қатысу»); 233-3-баптың 2-тармағы («террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру»); 233-баптың 2-тармағының «а» тармақшасы («бірнеше рет терроризм актісі»), 24-баптың 1-ші және 3-ші тармақтары, 28-баптың 3-тармағы және 233-баптың 2-тармағының «а», «б» тармақшалары («қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды, жарылыс заттарын,  жарылыс құрылғыларын қолдана отырып террористік акт жасау»).

Сот азамат Мұнатовты мүлкін тәркілеумен қатар 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтемек.

Сот отырысы жабық өтті, өйткені терроризмге қатысты іс қаралды. Сондықтан басқа егжей-тегжейін білмейміз. Алайда Орынбасар Мұнатовтың есімі 2012 жылы сәуірде лаңкестік жасады деп айыпталған42 тұлғаға қатысты істің үкімдерінде аталған болатын. Мұнатовты (лақап аты «Сулейман») тергеу ісі «Халифат сарбаздары» террористік ұйымындағы ұйымдастырушылардың бірі деп атады. Бұл ұйымның 2011 жылы 31 қазанда Атырау қаласында орын алған терактілер үшін жауапкершілікті өз мойнына алғандығы белгілі. Облыстық әкімдік пен облыстық прокуратура ғимараттарының жанында орын алған екі жарылыс есімізде. Екінші жарылыс нәтижесінде террористердің бірі Б.СҰЛТАНҒАЛИЕВ көз жұмған болатын.

Бейресми  мәліметтер бойынша, Мұнатов биылғы жылдың маусымында Пәкістаннан экстрадицияланған. Енді қараша айында сотталып отыр.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

19 қараша 2013, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.