«Қара жәшіктер» 18 қараша күні таңертең табылды. Қазіргі уақытта апат орнында ТЖМ қызметкерлері, тергеушілер мен Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары жұмыс жасап жатыр.
Еске сала кетейік, 17 қараша күні кешке Қазан қаласының халықаралық әуежайында Boeing 737 ұшағы апатқа ұшырады. Мәскеудегі Домодедово әуежайынан келген ұшақ қонарында апатқа ұшыраған. Ұшақ бортында 44 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болған. Олардың барлығы қаза тапты. Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде.
Жолаушылар қатарында танымал телекоментатор Роман Скворцовтың әйелі Эллина Скворцова болған. Ол Қазанның тумасы болған. Ұшақта ол бірінші некеден туған қызы Дарья Арташевамен бірге болған. Татарстан ФҚҚБ басшысы Александр Антонов та апатта қаза болды.
Орын алған қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеушілер болған жайтқа бес фактор себеп болуы мүмкін деп отыр, олар: қону кезіндегі ұшқыштың қателігі, ұшақтың техникалық ақауы, сапасыз авиаотын, жердегі қызметтің қателігі немесе ауа райы. Аталған нұсқалардың ішінде лаңкестік оқиға туралы болжам алынып тасталды.
Дереккөз: BNews.kz