Атырау, 26 қараша 12:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Әкелі-балалыны әлі тапқан жоқ

2 879 просмотра

7 қарашада Қамыскөл көліне балық аулауға кетіп, қайта оралмаған Құлсары қалысының тұрғындары әкелі-балалы Мереке мен Оралбек БЕГЕЖАНОВТАРДЫ (Қамыскөлде әкесі мен баласы жоғалып кетті) іздестіру шаралары әзірге ешқандай нәтиже бермей отыр. 

- Бізге балықшылардың жоғалып кеткендігі жөніндегі хабарлама қарашаның 8-і күні түсті. Содан бері іздестіру жұмыстары басталып, жүріп жатыр, - дейді Жылыой ауданы суда құтқару бекетінің бастығы Самат АБУЕВ. - Қазір 4 водолаз бірін-бірі ауыстырып, қараңғылық түскенге дейін іздестіруді жалғастыруда. Алайда, бұл еш нәтиже бермей отыр. Жоғалғандардың туыстары үш қайықшыны қосқан. Негізі, Қамыскөл көлінің аумағы соншалықты үлкен емес, тереңдігі 3-4метр шамасындай. Біздің білуімізше, жоғалғандардың қайығы жағадан жарылған күйде және сыртқы куртка ғана табылып отыр. Мүмкін олардың денелері суда емес болар, себебі ешкім көрмеген.

Ал Мерекенің (әкесі) немерелес інісі Сұңғат БЕГЕЖАНОВ басқа пікірде:

- Туыстарым суға кетпесе, басқа қайда кетеді? Олар отбасыларын әуреге салатындай бала емес қой.

Бегежановтың айтуынша, Мереке мен Оралбектің отбасылары бар. Мереке жақында қысқартуға ұшырап жұмыссыз қалған, ал Оралбек «Тенгизнефтстрой» ЖШС-нде жұмыс істейді.

- Қазір Атыраудан келген ТЖ қызметкерлері жұмыс жасап жатыр, бірақ меніңше, күш аздық етуде. Шамалары келмесе, неге жоғардан көмек сұрамайды? Бұл жерде адамдар жоғалып отыр ғой, мал екеш малды да іздейді емес пе? «КазТрансОил» ЖШС-нен алынған іздеу құрылғысын түсіргенімен 50 см кейін ештеңе көрінбейді деп кетіп қалды, - дейді С.Бегежанов.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

18 қараша 2013, 15:04

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.