"АЖ" мұрағатынан алынған көрнекі сурет.Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Боранқұл ауылында (Жылыой ауданының Майкөмген ауылынан қырық шақырымдай жерде орналасқан) «КаспийАзияСервисКомпани» ЖШС-нің («КАСКо») 80-ге жуық жұмысшылары қарашаның 15-інен бері жұмысқа шығудан бас тартып отыр. Олардың арасында белгілі болғандай, Жылыой ауданының мұнайшылары да бар.
Жұмысшылардың айтуынша, КАСКо-ның қаржылық қиындықтары 2011 жылы «БейбарысЛТД» ЖШС құрылтайшы болған кезден басталған. Жаппай қысқартулар орын алып, аз уақыттың ішінде мыңдаған адам жұмыссыз қалған. Қазіргі таңда «КАСКо»-да 250-ге жуық адам жұмыс істейді.
Жұмысшылар әлі күнге дейін қыркүйек, қазан айларының еңбекақысын және еңбек демалысына төленуге тиісті ақшаны алмаған. Зейнетақы қорына аударылуға тиісті ақша биылғы жылдың қаңтарынан бері төленбеген.
- Басшылар бізді құр уәдемен алдап келді, - дейді жұмысшылар. Олардың төзімдері таусылып, осымен төртінші күн жалақылары мен еңбек демалысының ақшасын төлеуді талап етіп, наразылық танытып отыр.
– Біздің басқа амалымыз қалмады, - дейді Ақтауда тұратын мастер Қасым ТАҢБАЕВ. – Мәселен, мен қаңтарда еңбек демалысына шықтым, бірақ оның ақшасы маған әлі төленген жоқ. Үш айға жуық жалақымызды ала алмай келеміз. Мен прокуратураға арыз түсірген болатынмын, бірақ одан өзгерген ештеңе жоқ. Енді мен екі балам алдымнан жүгіріп шыққанда оларға не демекпін? Әкелерің тағы дымсыз келді деймін бе? Менің бір айдағы алатын еңбекақым 140 мың теңге. Ал бір ай бос жатамын, оны екі айға бөлгенде 70 мың теңге. Соған да риза едік, енді оны да бермей сарғайтып қойып отыр ғой. Бізге Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары, прокуратура қызметкерлері келіп кетті. Құр уәдеден басқа ештеңе айтпады. Біз енді ештеңеге сенбейміз, шегінерге жер жоқ, сондықтан бәріміз бірігіп, жұмысқа шықпауды ұйғарып отырмыз.
80-ге жуық адамды құраған ереуілшілер бір ауысымдағы жұмысшылар. Олар өздерін басқа да ауысымдағы жұмысшылардың қолдайтынын және талаптары орындалмайынша, ереуілді жалғастыра беретіндерін айтады.
Біз «КАСКо» ЖШС-нің бас директоры Талғат АҚМАҒАНБЕТОВПЕН телефон арқылы хабарластық.
- Қыркүйек пен қазан айларының жалақыларын бүгін-ертең беріп қаламыз, - деді ол. – Еңбек демалысының ақшасын да төлейтін боламыз, тек сәл кейінірек.
Бүгін, 19 қарашада «КАСКО»-ның ереуілдеткен жұмысшылары хабарлағандай, қыркүйек айының жалақысы кеше, ал қазан айының жалақысы бүгін төленген. Алайда, жұмысшылар еңбек демалысының ақшасы мен зейнетақы төлемдерін толық төлемейінше наразылық акциясын жалғастыра беретіндерін айтады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА