Кайли МИНОУГТІҢ хореографынан шеберлік дәрісін алғыңыз келе ме, «Қаланың үздік бишісі» атағына ие болып, бағалы жүлде алып, жүз мыңдаған адам көретін би бейнебаянына түскіңіз келе ме? Алдағы екі айда бұл арманыңызды орындауға мүмкіндігіңіз бар. Атырауда UNIDANCE би жобасы басталады. Бұл - кез келген жастағы, кез келген физикалық дайындығы бар адамдардың талантын ашуға көмектесетін халықаралық бағдарлама.
«СӘЛЕМ» ЕСТЕРІҢІЗДЕ МЕ?
UNIDANCE – бұл «Заманауи билер федерациясы» (Ресей) мен әлемдегі ірі би орталықтары желісінің бірі PINEAPPLE (Лондон) бірігіп әзірлеген жоба. Ол жұмыс жасап жатқан 15 жыл ішінде бұрынғы кеңестік елдердің мыңдаған би өнерін сүюшілерінің басын біріктірді. UNIDANCE жобалары Еуропа мен АҚШ-та өзекті болып тұрған заманауи би стильдерін үйретудің ең жаңа бағдарламаларын негізге алады. Дәрістерді Ұлыбритания, Франция, АҚШ және Ресей елдерінен келетін әлемдік би сахналарының жұлдыздары жүргізеді. Қарқынды оқыту курсы екі ай уақыт ішінде заманауи билердің әйгілі бағыттарын игеруге мүмкіндік береді. Түрлі нұсқадағы сабақтар арқылы әр оқушы өздеріне ыңғайлы оқыту курстарын таңдай алады және бұл UNIDANCE жобасын баршаға қолжетімді етеді.
Марина СЕРДӘЛІ – кезінде Атырауда өте әйгілі болған «Сәлем» би тобының бишісі. Ол орталық теледидардан алғашқы диск-жокеей, халық арасында Филиппыч атымен танымал Сергей ЕВСЕЕВ жүргізген «Стартинэйджер» бағдарламасында өнер көрсеткен. Осы Маринаның арқасында Атырау UNIDANCE би жобасына кірген Қазақстанның алғашқы өңірі болды. Ол көп жылдардан бері билемейді, қазір оның өнерге еш қатысы жоқ жеке бизнесі бар. Алайда, бұрынғы биші деген болмайды екен: Атырауда атышулы Филиппычтың дископерфоманстарының деңгейінен қалыспайтын би қозғалысын ұйымдастыру ниеті Маринаға маза бермеді. Атыраудан өзіне сәйкес келетін би мектебін таба да алмады. Ғаламторды ақтарып отырып, ол тек өзінің болашақ әріптестері – UNIDANCE командасын тауып қана қойған жоқ, сондай-ақ, «Даму» қорының қолдауы арқылы алға қарай әріптестік жүргізу жолдары туралы да оқыды. Келіссөздер мен жобаны әзірлеуге Маринаның екі жылға жуық уақыты кетті.
- UNIDANCE командасының мүшелері менің ұсынысымды құп көріп, қуана-қуана көмектесіп, идеялар лақтырды. Менің идеям туралы естіген адамдар қаламызда, тіпті, елімізде би сәтті коммерциялық жоба бола алатынына сене алмады. UNIDANCE тәжірибесі – бимен әуестену хоббиден өміріңнің бар ісіне айналатынының, сондай-ақ, тек қана моральдық қанағаттану ғана емес, табыс та әкелетінінің айғағы, - дейді Марина.
Жобаның әлеуметтік тұрғыда берері көп, сондықтан да бұл жергілікті билік тарапынан, ірі компаниялардан қолдау көрсетудің кепілі болды. Сонымен қатар, коммерциялық ұйымдармен болатын бұл қарым-қатынас екі жаққа да пайдалы әріптестікпен қатар, өз әлеуметтік жауапкершіліктерін көрсетуге мүмкіндік береді.
- Бәрі де қарапайым, UNIDANCE компаниясы өз әріптестеріне франшиздік пакеттер ұсынады. Біз бизнес сатып қана қоймаймыз, сондай-ақ оны әрі қарай бақылауда ұстауға көмектесеміз, кеңес береміз, бизнесті жүргізу кезінде әріптестерімізді жан-жақты қолдай отырып, франчайзингке өз идеяларымызды енгіземіз, жүзеге асырамыз. Компания тек уақытша би жобаларын, оқыту курстарын өткізуге мүмкіндік жасамайды, сол сияқты тұрақты жұмыс жасайтын би орталықтарын ашуға септігін тигізеді, - дейді UNIDANCE халықаралық желісінің басқарушысы Сергей ЗИНИЧЕВ (суретте).
ХИП-ХОП ДӘРІСТЕРІ
Атырауда алдымен екі айлық би курстарын өткізу жоспарлануда. Курстарды арнайы шақырылған шеберлер өткізеді. Олар екі апта сайын бір-бірін алмастырып тұрады. Барлық оқытушылар өз би мектептерінде жұмыс жасайды, өз командалары бар, бір сөзбен айтқанда, би өнерінің нағыз «тарландары». Бірінші болып Damien ANYASI - Лондон Корольдік Өнер Академиясының (Ұлыбритания) оқытушысы, Кайли Миноугтың хореграфы, ол Кайлимен 2009-2011 жылдары жұмыс жасаған. Оны Латын Америкасында пайда болған, қазір АҚШ пен Ресейде өте танымал би болып саналатын дэнсхоллдан түрлі халықаралық турнирлерге қатысушы әйгілі Баба Рага – Екатерина КУЗНЕЦОВА алмастырады. Халықаралық деңгейдегі оқытушы, «Адидас» компаниясының хип-хопты дамытуға қосқан үлесі үшін берілетін халықаралық сыйлығының иегері, өнерсүйер қауым арасында VOBR деген лақап атпен танымал Владимир ОБРАЗЦОВ үшінші оқытушы болады. Владимир Катя сияқты Украинаның тумасы, ол ән жазады және хип-хопты дамыту бойынша семинарлар мен дәрістер өткізеді. Ұйымдастырушылар VOBR тек би сабақтарын ғана жүргізіп қоймай, жергілікті бишілерге хип-хоп бойынша дәрістер беретініне сенімді, өйткені бұл тек би стилі ғана емес, сол сияқты музыка, граффити және киім үлгісі болып табылады.
Ақтық сабақтарды биші және UNIDANCE ұйымының жетекші қоюшы-хореографы Сергей Зинчевтің өзі өткізетін болады. Ол жоба аяғында болатын үлкен би чемпионатын ұйымдастырады. UNIDANCE Festival-да жоба қатысушылары тәжірибелі кәсіпқойлармен сайысатын болады. Жеңімпазды үлкен сыйлық пен «UNIDANCE нұсқасы бойынша қаланың үздік бишісі» атағы күтіп тұр.
Би топтары дайындық деңгейлеріне қарай бірнеше санаттарға бөлінеді. Beginner – бастауыш тобы (ең көп қатысушылары бар) заманауи билер деген не екенін түсінуге, хип-хоп, хус, дэнсхолл стильдерін ажыратуға, белгілі бір қозғалыс форматтарын үйренуге мүмкіндік алады. Кәсіби бишілер мен оқытушыларға арналған Intermediate және Professional топтарында ақпараттардың үлкен көлеміне және қиын хореграфияға күш салынады. VIP абономенті барлардың жобаның барлық сабақтарына қатысуға мүмкіндігі бар.
Жобаны бастау 1 желтоқсанға белгіленген. Ұйымдастырушылар оқыту курстарын қала көлеміндегі маңызды шаралар ретінде өткіземіз деп жоспарлауда: шетелден келген оқытушылардың қатысуымен шоу-бағдарлама, кештер, байқаулар мен ұтыс ойындар ұйымдастырмақшы.
Зульфия ИСКАЛИЕВА